Астанада төрт студенттер үйі білім алушылардың игілігіне берілді

Жаңа оқу жылының қарсаңында Астана медицина университетінде жағымды жаңалық орын алды. Атап айтқанда, оқу орынның білім алушыларға арналған тұрғын үй қоры студенттер үйімен толықты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның ашылу салтанатына Астана медицина университетінің проректоры Диас Сайдангазин қатысып, барша білім алушыларды айтулы оқиғамен құттықтады.

Сурет: Астана медицина университетінің баспасөз қызметі

Биыл Университетке еліміз бен шет мемлекеттерден келген азаматтарды қоса алғанда 1500 астам білім алушы оқуға түсті. Бұл ретте білім шаңырағының қарамағында 1418 орынға шақталған 2 блоктан тұратын студенттер үйі бар екенін айта кетейік. Жатын орынға деген қажеттілік 3,6 мыңды құрайтынын ескерсек, осы жылы Университет алғаш рет 4 мыңға жуық білім алушыны тиісті орынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік алды. Осы арқылы қосымша 400 орын резервте тұр. Бұл нәтижеге 10 жекелеген жатақхана иелерімен жүргізілген кешенді жұмыстың арқасында қол жеткізілді.

Сурет: Астана медицина университетінің баспасөз қызметі

Тұтастай алғанда, биыл Астана медицина университетінде тиісті жөндеу жұмыстарымен 30 мыңнан астам шаршы метр аумақ қамтылды. Мұндай ауқымды жаңғырту бұрын-соңды болмағанын атап өткен жөн. Айталық, Сарыарқадағы оқу корпусы күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңарған акт залы, заманауи кітапхана және Сoworking орталығы жастардың игілігіне берілді. Бұған қоса студенттер үйінің 2 блогының жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Оқу жылының барысында 1 блокта жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары соңына жетеді деп көзделген.

Сурет: Астана медицина университетінің баспасөз қызметі

Сурет: Астана медицина университетінің баспасөз қызметі

Осы орайда АстМУ елімізде денсаулық сақтау саласына қажетті кадрларды дайындап шығаратын үздік медициналық ұстаханалардың бірі екенін айта кеткен орынды. Жыл сайын оқу ордасын тәмамдап шығатын мыңнан астам маман отандық медициналық ұйымдарға қызметке тұрып, ұлт саулығын жақсартуға сүбелі үлестерін қосып келеді. Құрылу кезеңі 60 жылды қамтитын Университет осы күнге дейін Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне 30 мыңнан аса жоғары білікті маманды даярлап шығарды.

Қазақстан Астана
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: