Конференцияға қатысқан аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, барша ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылында жетістерге жете берулеріне тілектестігін білдірді. Мұнан соң аудандық білім бөлімінің басшысы Жуаныш Жарықбасов "2025-2026 оқу жылының қорытындылары және алдағы кезеңге арналған жаңа міндеттер" тақырыбында баяндама жасады.
Сурет: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі
Баяндамада ҰБТ қорытындысына тоқталып, аудан мектептерінің білім сапасы, оқушылардың жоғары оқу орындарына түсу көрсеткіштері және білім алушылардың жетістіктері сараланды.
ҰБТ нәтижесінде 428 мектеп бітірген түлектердің 392-сі жоғары оқу орындарына түскендігі, оның ішінде "Алтын белгі" төсбелгісіне бітірген екі оқушы жоғары 136 және 131 балл алғандығы атап өтілді.
- 2023–2024 оқу жылында білім сапасы 71,4%-ды,
- 2024–2025 оқу жылында 71,5%-ды,
- ал 2025–2026 оқу жылында 73,1%-ды құрады.
Осылайша, соңғы үш оқу жылында білім сапасы көрсеткішінің тұрақты өсімі байқалып, оң динамика қалыптасқаны айрықша аталып, білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі нәтижелері де жыл сайынғы оң өзгерістерді көрсетіп, білім сапасының арту үрдісін растап отырғаны баяндалды.
Сурет: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі
Білім сапасын қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі – білім беру ұйымдарын заманауи оқу құралдарымен және пәндік кабинеттермен қамтамасыз ету.
Осы бағытта мектептердің материалдық-техникалық базасын мақсатында 2026 жылы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен ауданның 8 мектебі 20 дана модификациялық кабинеттермен жабдықталғандығын атап өте келе қазіргі танда аудандағы орта мектептер бойынша 148 заманауи модификациялық кабинетпен жабдықталғандығы, қамтылу үлесі 100% құрайтындығы баяндалды.
Сонымен қатар, Алматы қаласы, Алмалы ауаны, №96 ЖББМ КММ директоры Райгүл Жұмағалиева "Жасанды интеллект " тақырыбында лекция оқыса, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы педагог кадрлармен жұмыс жүргізу және әкімішілік-құқықтық қамтамасыз ету бөлімшесінің басшысы Нұрлан Қорғанбай конференцияның маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, "Тәрбие жұмысын жүйелеу – нәтижелі мектептің негізі" тақырыбында Алматы қаласы, Алмалы ауданы, №96 жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жібек Жарболова жан - жақты тоқталды. "Жасанды интеллект – мұғалімнің цифрлық ассистенті" тақырыбында Абылай хан атындағы мектеп-лицейінің педагогі Нұрсәуле Орымбекова да баяндама жасады.
Сурет: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жиында қорытынды сөз сөйлеген аудан басшысы Сәкен Үмбетұлы білімі терең, ойлы, еңбекқор және отаншыл ұрпақты тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті екендігін, сондықтан, мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктелетіндігін айтып, алдағы уақытта аудандағы білім беруді одан әрі жетілдіру үшін аудандық білім бөліміне бірқатар тапсырмалар жүктеді. Ұрпақ тәрбиесімен айналысып жүрген ұлағатты ұстаздарға сәттілік тіледі. Білім беру жүйесін жетілдіруге елеулі үлес қосып келе жатқан бір топ ұлағатты ұстаздар ҚР оқу-ағарту министрлігінің төсбелгісімен және "Ауданға сіңірген еңбегі үшін" төсбелгісімен, ҚР оқу-ағарту министрлігінің, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының, Сарысу ауданы әкімінің, аудандық білім бөлімінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталды.
Сурет: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі
Конференция концерттік бағдарламаға ұласып, эстрада жұлдыздарынан құралған "Жігер" тобы әннен шашу шашты. Сонымен қатар, аудандық мәдениет үйінің әншілері де әуелете ән шырқады.