Қызылорда қаласына қарасты Қызылжарма ауылының балалары мектепсіз қалды, деп хабарлайды Zakon.kz.
900 орындық мектеп құрылысына бөлінген қаржы республикалық бюджетке қайтарылды. Ал елді мекен тұрғындары бұған наразы, делінеді "Астана" телеарнасының жаңалығында.
Себебі, ауылға жаңа білім ошағы өте қажет дейді олар.
Қызылжарма ауылдық округіндегі 1200 орындық жалғыз мектеп бар. Онда қазір 2700 бала білім алуда. Соңғы алты жылда жыл сайын 12 сынып қосылатын көрінеді. Сондықтан кабинет жетіспейді дейді оқушылар.
Түстен кейінгі дайындықтарға кабинет жеткіліксіз, көптеген қосымша уақыттарда актовый зал, психология кабинеттерінде сабақ оқып жүрміз. Ділнәз ҚАЛЫҚБЕК, С.ӘЛЖІКОВ АТЫНДАҒЫ №144 ОРТА МЕКТЕПТІҢ ОҚУШЫСЫ
Ата-аналар да бөлінген қаржының неге кері қайтарылғанын білмей дал. Балалар ауылдың ана шетінен мына шетіне бір, бір жарым шақырым жаяу қатынайды дейді. Үлкен елді мекенге бір мектеп аз екенін айтады.
Бөлінген қаржы не үшін кері қайтарылып, мектепті салуды тоқтатқаны жұмбақ болып тұр. Айдана АЗАМАТҚЫЗЫ, ҚЫЗЫЛЖАРМА АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ТҰРҒЫНЫ
Қазір бұл мәселе әлеуметтік желіде де кеңінен талқыланып жатыр. Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов бұрын дәл осы аумақтан депутат боп сайланған. Оның айтуынша, ауылға жаңа мектеп салу мәселесі бес жылдан бері көтеріліп келеді. Ғимараттың жобалық-сметалық құжаттары да дайын дейді.
Ғалымбек ЖАҚСЫЛЫҚОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
2018 жылдан бастап жобалық құжат-сараптамасына қаражат бөліне бастады. 2018 жылы ақпан айында 10 млн, 2019 жылы 2,3 млн-дай, 2020-да 1,8 млн. Жалпы сома, 14 млн қаражат бөлінді. Биыл 2021 жылы да қаражат бөлінді, мектеп құрылысы басталады деген.
Ал бұған жауапты облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының берер жауабы мынадай:
2020 жылы облыс инфрақұрылымдық жобаларының іске асырылуына 26,7 млрд теңге алды. 15 жылда бұл қаражаттардың қайтарылымы 45,9 млрд теңге болады. Ағымдағы жылдың 16 қыркүйекте жобадан бас тарту туралы хат ведомствоаралық комиссияның қарауына жолданып, қолдау тапты. ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ БАСҚАРМАСЫ
Яғни, құрылыстың қашан басталатыны белгісіз. Ал балалардың үш ауысымдық мектепте оқудан басқа амалы жоқ.
Ә.Дүкембаева