Математикалық білім сапасын арттыру қажет — Асхат Аймағамбетов

Білім және ғылым министрі орта білім бойынша биыл жүзеге асырылатын міндеттерді атады, деп хабарлайды Zakon.kz

Министрдің сөзінше, академиялық біліммен бірге оқушыларға өмірлік маңызы зор дағдыларды игеруге бағытталған жаһандық құзыреттіліктерді таңдау курсы ұсынылады.

Президентіміз техникалық бағыттағы мамандықтарды дамыту бойынша тапсырма берді. Оны орындау үшін математикалық білімнің сапасын арттыру қажет деп есептеймін. Ол үшін оқу бағдарламаларын және әдістемелік құралдарды жаңартамыз. Математиканы топқа бөліп оқыту мәселесін қолға аламыз. Сонымен қатар балаларды еңбекке бейімдеу үшін ерте кәсіптік бағдарлауға баса назар аударылады. Тиісті бағдарлама өзгертіліп, оқыту өндірістік жағынан жаңғыртылады.Асхат Аймағамбетов

"Алтын белгі" үміткеріне қойылатын талап күшейеді

Сонымен қатар министр биыл "Алтын белгі" үміткеріне қойылатын талап күшейетінін мәлімдеді. Оның сөзінше, биылдан бастап халықаралық зияткерлік олимпиадалар жеңімпаздарына конкурсқа қатыспай, ҰБТ тапсырмай ЖОО грантын алу мәселесі қарастырылып отыр. Олардың педагогтеріне және өздеріне арнайы сыйақы қарастырылады.

Сонымен қатар президент тапсырмасымен мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстары енді 5 жылда бір емес, 3 жылда бір өтеді. Тиісті заң жобасы Парламентте қарастырылып жатыр.

Болашақ педагогтерді дайындау сапасын арттыру үшін салалық біліктілік шеңбері мен педагог кәсіби стандарттарын бүгінгі заман талабына сай өзгертеміз. Пән мұғалімдері тапшылығын шешу үшін қайта даярлау әдісін қолданамыз. Мысалы, мамандығы мұғалім емес, бірақ кәсіби білімі мен тәжірибесі жеткілікті мамандар мұғалімдікке қайта даярлау арқылы келеді. Бұл да халықаралық тәжірибеде бар.Асхат Аймағамбетов

Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында мұғалімдер жетіспейтін және білім беру сапасында үлкен алшақтығы бар өңірлерді атады. Олар — Атырау, Маңғыстау, Түркістан және Алматы облысы. Енді үздік педагогтерді тарту бағдарламасы әзірленеді. Жыл сайын іріктеу негізінде осы өңірлерге ең үздік мұғалімдер жіберіліп, білім беру сапасын жақсартуға тиісті жұмыс жүргізіледі.

Қазақстан Аймағамбетов Асхат
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: