Биылғы түлектер ҰБТ-ны екі рет тапсыратын болды

Бүгін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2022 жылғы түлектерге хат жолдап, оқушыларға ҰБТ бойынша жағымды жаңалықты жеткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Министр хатында оқушылардың ҰБТ-дан қиындықсыз өтуі үшін қабылданған қосымша шараларды тілге тиек етті.

ҰБТ бойынша қабылданған шаралар:

  1. ҰБТ-ны электронды форматқа көшіріп, оны барынша әділ еттік. Орнатылған камералар, прокторинг және трансляция жүйесі түлектерге кедергі келтірмеуі керек. Себебі бұл шара ҰБТ-ның әділ және ашық өтуі үшін енгізілді.

  2. ҰБТ жылына бір рет емес, 4 рет өткізіледі. Бұл жұмысқа әріптестеріміз көп күш-жігер жұмсаса да, бірақ ол түлектердің күйзелісін азайтып, университетке түсуіне бірнеше мүмкіндік беретінін білеміз.

  3. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға да арнайы жағдай жасалды. Биылдан бастап оларға тапсырмаларды орындау үшін қосымша 40 минут бөлінді. Сондай-ақ тапсырмалар суретсіз, сызбаларсыз және диаграммаларсыз берілді.

  4. Енді тест тапсырушыларға калькуляторларды тұрақты түрде пайдалануға рұқсат етіледі.

  5. Биыл сіздерге ҰБТ ұпайлары ғана емес, сонымен қатар әр пән бойынша нәтижелердің тақырыптық талдауы беріледі. Бұл сіздердің әлсіз тұстарыңызды талдауға және білімдеріңізді жетілдіруге көмектеседі.

  6. Президенттің қолдауының арқасында грантқа түсуге мүмкіндік артып отыр. Биыл қосымша 15 мың грант бөлініп, стипендия мөлшері 15%-ға өсті.

  7. Жақсы жаңалық та бар. Инстаграмда мені белгілеп, грантқа түсу үшін бір емес, екі рет ҰБТ тапсыру туралы өтініш жазып жүргендеріңізді білемін. Шешім қабылдау кезінде біз оқушылардың ұсынысын, қызығушылығын назардан шығармауға тырысамыз. Сол себепті осы жолы да сіздердің ұсыныстарыңыз бойынша шешім қабылдадық. Яғни енді сіздер екі рет ҰБТ тапсырып, грантқа түсуге мүмкіндік аласыздар. Бұл шара эмоционалды стресс деңгейін төмендететініне сеніміміз мол.

Сондай-ақ еліміздегі бас ұстаз түлектерге университет таңдау бойынша кеңестерін де айтып өтті:

Бірінші. ЖОО-ның жұмыс берушілер рейтингіндегі орнымен, кадр құрамымен, оқу жағдайларымен танысыңыз.

Екінші. Қандай бағдарлама бойынша оқу жүргізілетінін қараңыз. Сондай-ақ мамандықтардың атауы бірдей естіліп, бірақ мазмұны айтарлықтай өзгеше болуы мүмкін. Сол себепті үздік әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, университеттердің барлық бағдарламасының тізілімін жасадық. Енді ол бәріне қолжетімді.

Үшінші. Университеттің беделін бағалаңыз. Қазір ЖОО-лар өз үлгісіндегі дипломдарды береді. Дегенмен университет беретін дипломның қағазынан бұрын, оның қандай маманды дайындап шығаратыны маңызға ие.

Төртінші. Университеттің аккредитациясына назар аударыңыз. Егер ол ең мықты аккредиттеу ұйымдарынан өтсе, онда сапаның болатынына сенуге болады.

Бесінші. Университетті таңдау кезінде сізді күмәнді арзан оқу немесе сабаққа қатыспау мүмкіндігі сияқты ойлар қызықтырмауы маңызды. Себебі жұмыс берушілер дипломды жарамсыз деп танып, қаражатыңыз бен уақытыңыз босқа шығын болуы мүмкін.

Алтыншы. Қазақстандық ЖОО-ны таңдауға кеңес беремін. Біздің университеттердің сапасы көрші елдердің көптеген университетінен асып түсетінін сеніммен айта аламын.

«Оқу мен кәсіптің 3 түрі үлкен әлеуетке ие деп ойлаймын» деген министр мамандық таңдауға да тоқталып өтіп, мына мамандықтарды таңдауға кеңес берді:

Жас түлектерге Жаңа Қазақстанды құруға тамаша мүмкіндік беріліп отырғанын айтқан Аймағамбетов жылы лебізін де білдіріпті.

Сіздердің идеяларыңыз, мақсаттарыңыз бен талпыныстарыңыздың арқасында еліміз одан әрі дами түсетініне сенімдімін. Қандай жағдай болсын, жоғары кәсіби мамандар әрқашан сұранысқа ие. Осыны естен шығармаңыздар. Еңбекқорлық пен сүйікті іспен айналысуға деген талпыныс болса, теміржолшы болып та жұлдыз атануға болады. Өзіңізге және күш-жігеріңізге сеніңіз. Білімнің асуларын бағындырып, ізденуден талмаңыз. Уақытты босқа өткізбеуге тырысыңыз. Оны жаңа білім мен дағдыны үйренуге жұмсаңыз. Бастысы өмір жолыңызда қандай қиындықтар туындаса да, оның барлығын жеңуге болатынын әрдайым есіңізде ұстаңыз.ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов

Айта кетерлігі, бұл хатты оқушылар Kundelik.kz, BilimAl.kz және Mektep.Edu.kz білім платформаларындағы жеке кабинеттерінен оқи алады.

Қазақстан Аймағамбетов Асхат
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: