Іс-шара бүгін Алматыда өтті. Форумға Білім және ғылым министрліктерінің, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан жоғары оқу орындарының және халықаралық ұйымдардың 130-дан астам өкілі қатысты.
ҚР Білім және ғылым министрі қазақстандық жоғары оқу орындарының әлемдік рейтингтердегі жетістіктерін атап өтті. QS рейтингіндегі қазақстандық жоғары оқу орындарының саны екі есеге артып, 14-ке жетті. Сондай-ақ университеттер саны артып, Times Higher Education (THE) рейтингіне енген университеттердің орындары жақсарды.
Бұл – Болон процесі қағидаттарын жүзеге асырудың, сондай-ақ университеттерге академиялық, басқарушылық және қаржылық дербестік берудің нәтижесі. Егер бұрын үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларын Білім министрлігі бекітетін. Ал қазір ЖОО жұмыс берушілердің пікірлері мен ұсыныстарын ескере отырып, еңбек нарығының сұранысына сай оқу бағдарламаларын өздері өзгертеді. Бұл жұмыс берушілермен қарым-қатынасымызды нығайтты, енді жұмыс берушілер өздерінің сұраныстары мен ұсыныстарын кәсіби стандарттар арқылы қалыптастырады, - деді министр.
Асхат Аймағамбетов форум Орталық Азия университеттері альянсының дамуына жаңа серпін беретініне, сондай-ақ бірлескен білім беру, ғылыми жобаларды әзірлеу және қос дипломдық бағдарламаларды іске асыру бойынша университеттер арасындағы өңірлік ынтымақтастықты кеңейтетініне сенім білдірді.
Бүгінгі форум былтыр өткізген Түркістан конференциясының жалғасы болып есептеледі. Осы ретте форумға қатысуға ниет білдерген барлық әріптесіме алғыс айтамын. Бүгін іс-шараға Орталық Азияның барлық елінен келген делегациялар мен университет ректорлары қатысып жатыр. Бағдарлама өте мазмұнды. Сондықтан форум тәжірибе алмасу мен ынтымақтастықты дамытудың тиімді алаңына айналады деп ойлаймын. Қазақстан – Болон процесінің белсенді қатысушысы, былтыр біз өзін-өзі сертификаттаудан өтіп, толық мойындалдық. Ал биыл біз Болон процесінің Бақылау тобының тең төрағасымыз.Асхат Аймағамбетов