Осы жолы бір оқырман: «Мектебіміз ремонтқа ақша жинап жатыр. Қаншалықты дұрыс?» деп сұрақ қойыпты. Бұл сұраққа Оқу-ағарту министрлігінің Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова жауап берді.
Оның айтуынша, мемлекеттік мектептер әкімдіктерге қарайды. Демек мектептерді жабдықтау, материалдық-техникалық базасын нығайту, сонымен қатар жөндеу жергілікті бюджет есебінен жүргізілуге тиіс.
Сондықтан да ата-аналар мен мұғалімдерден мектепті жөндеуге ақша жинауға болмайды. Биыл сәуір айында «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында Білім және ғылым министрлігінің арнайы бұйрығы қабылданды. Бұйрықта педагогтерді өзінің жұмысына тән емес басқа жұмыстарға тартуға, олардан министрліктің 130-бұйрығында қаралмаған есептерді талап етуге болмайтыны нақты көрсетілген, – деді Майра Мелдебекова.
Мектепті жөндеуге ақша жинап жатса, құзырлы органдарға немесе Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің жергілікті департаменттеріне шағымдануға болады. Құқық бұзу фактілері расталған жағдайда департамент қызметкерлері өздерінің консультативтік-кеңесші органда қарап, әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес шара қолданады.
Тіпті мектеп мұғалімдері жұмысқа қажет қағаздар үшін де өз ақшасын жұмсамауына болады.
Сонымен қатар педагогтер жұмыс барысында пайдаланатын қағаз немесе басқа да шығындарға өз қаражатын жұмсамауы керек. Бұл да осы бұйрықта көрсетілген.ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова