Ақтөбелік оқушы ІGeO–2022 Еуропа олимпиадасынан алтын медаль жеңіп алды

Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Санжар Хамитов ел тарихында тұңғыш рет географиядан ІGeO–2022 Еуропа олимпиадасынан алтын жүлде жеңіп алды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Осылайша ол 16-19 жас аралығындағы жоғары лига қатысушылары арасында абсолютті жеңімпаз атанды. Санжар Хамитовтың жетістіктерінің қатарында география пәнінен республикалық және желілік олимпиадалардағы алтын медальдар бар. Санжарды олимпиадаға дайындаған жетекшісі – Ақтөбе НЗМ түлегі, географиядан ІGeO-2021 халықаралық олимпиадасының жеңімпазы Рустам Валеев.

Балқан олимпиадасы деген атпен танымал Еуропалық географиялық олимпиада – 12 мен 19 жас аралығындағы мектеп оқушыларының жыл сайынғы жарысы. VIII Еуропалық географиялық олимпиада 24-29 маусым аралығында онлайн форматта өтті. Оған 13 елден 111 оқушы қатысқан. Атап айтқанда Беларусь, Ресей, Қазақстан, Әзірбайжан, Литва, Латвия, Эстония, Сербия, Словения, Румыния, Чехия, Болгария, Босния және Герцеговина оқушылары өзара жарысқан.

Географияның көмегімен мен бізді және планетамызды біріктіретін күрделі кеңістік және уақыт байланысын танып жатырмын. Күнделікті даму арқылы кешегіден жақсырақ болу үшін бәрін істеймін, – деді Санжар.

Санжардың жетекшісінің атуынша, олимпиада үш турдан тұрды – жазбаша, мультимедиялық, далалық. Қазақстандық оқушы барлық турда жақсы нәтиже көрсеткен.

Өйткені кейінгі бір жылда ол олимпиадаға дайындықта айтарлықтай жетістіктерге жетті. Ол тәжірибелік және теориялық білімін үнемі жетілдіріп отырудың арқасында алтын медальға қол жеткізді. Сонымен бірге ол барлық қатысушылардың арасынан ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгергенімен ерекшеленді, – деді Рустам Валеев.

Енді Санжар Хамитов ІGeO және IESO халықаралық олимпиадаларына қатысады.

Ақтөбе Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: