Бірінші сыныпқа қабылдау 1 сәуірде басталған еді. Ал құжаттарды қабылдау мерзімі 2022 жылғы 1 тамызда аяқталады. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін Оқу-ағарту министрлігі қызметті автоматтандырды және құжаттар egov.kz веб-порталы арқылы қабылданады. Сонымен қатар ата-аналар құжаттарды дәстүрлі қағаз форматында да тапсыра алады.
Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова ата-аналарға құжаттарды тезірек тапсыруға кеңес берді. Себебі құжат қабылдау 1 тамызда аяқталады.
Ал 1 тамыздан бастап мектептерде оқу-тәрбие үрдісін сапалы жоспарлау мен ұйымдастыру, оқулықтарды тарату, сыныптарды қалыптастыру және басқа да ұйымдастыру жұмыстары басталады. Құжат қабылдау басталғанына үш ай өтті және осы уақыт ішінде 320 мыңға жуық өтініш түсті. Оның 82%-ы электронды форматта қабылданды, – деді Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.
Сонымен қатар мемлекеттік тілде білім алғысы келетіндердің үлесі бүгінде 70%-ға жуықтады. Қазақ тілінде оқытатын сыныптарға қабылдау бойынша ең жоғары көрсеткіштер Қызылорда (92,4%), Түркістан (89%) және Маңғыстау (87,1%) облыстарында тіркелді.
Жаңа оқу жылында 400 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барады деп болжанды.