Оқу-ағарту министрінің айтуынша, жаңа оқу жылынан бастап әр облыс өз аймағындағы мектеп формасына қатысты ортақ талапты бекітеді.
Біз көп мектептің басшысы мектеп формасын бекіткенде өз құзыреттерін пайдаланып, нақты бір мердігерге лайықтап, түсін, фасонын таңдайтынын анықтадық. Ата-аналарға ол форманы басқа жерден сатып алу мүмкін емес. Сол себепті нақты бір кәсіпкерге артықшылық бермеу үшін осындай шешім қабылдадық, – деді Асхат Аймағамбетов.
Айта кетейік, ата-аналар мектеп формасының кез келген жеткізушісін таңдай алады. Бұл туралы брифингте ҚР Білім министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарабаев айтты.
Ата-аналар өзіне ұнайтын форманы, компанияны таңдайды, бірақ мектеп формасының түсі туралы соңғы шешімді ата-аналар қауымдастығы, басқарма қабылдайды. Әр мектепте қамқоршылар мен ата-аналар комитеттері бар.