Президенттің сөзінше, Алматы халқының 60 пайызы көші-қон арқылы көбейіп отыр. Бұл жағдай қаланың әлеуметтік инфрақұрылымына елеулі әсер етеді. Қазір қаладағы балабақшаларда 19 мыңнан астам орын жетпейді.
"Бұл тапшылықты азайту үшін мемлекеттік және жеке меншік балабақшаларды шұғыл түрде салу керек" – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, ол балаларды мемлекеттік білім тапсырысы арқылы мектепке дейінгі жеке білім беру мекемелеріне орналастыру мәселесін сөз етті.
"Әкімдікке үштен алты жасқа дейінгі балалардың 97 пайызын мектепке дейінгі біліммен қамтуды тапсырамын. Бұл міндетті 2025 жылға дейін орындау керек". Қасым-Жомарт Тоқаев
Оқушылардың саны жыл сайын орта есеппен 12-15 мыңға артып келеді. Сол себепті, мектептерде орын тапшылығы жоғары. Қазір 29 мыңнан астам оқушыға орын жетпейді. Қасым-Жомарт Тоқаев "бұл ахуал оқушылардың сапалы білім алуына кері әсер ететінін" атап өтті.
Президент Алматыда алдағы екі жыл ішінде "Жайлы мектеп" жобасымен 37 мың орындық 22 мектеп салу керек екенін айтты.
Басты міндет – 2030 жылға қарай бір ауысыммен оқытуға толық көшу. Ішкі миграция қарқынды дамып жатқандықтан, осындай мәселелер туындап отыр. Алайда, жас ұрпақты сапалы балабақша, мектеппен қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Қасым-Жомарт Тоқаев
Сондықтан, президенттің айтуынша, бұл тапсырмалар міндетті түрде толық орындалуы керек.