2022 жылғы 21 қаңтарда Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Қаржы нарығын реттеу агенттігіне Үкіметпен бірлесіп стресстік активтердің цифрлық платформасы мен инфрақұрылымын құруды, оларды сатып алатын және сататын қосалқы нарық қалыптастыруды, оларды иелену үшін салықтық ынталандыруды қоса алғанда, жағдайлар жасауды тапсырды.
2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша стрестік активтер мөлшері 2,5 трлн теңге деңгейінде бағаланады. Бұл – төлеу мерзімі 90 және одан көп күннен асып кеткен қарыздар, қаржылық жағдайдың нашарлауына байланысты қайта құрылымдалған қарыздар, банктердің стрестік активтерді басқаруды жүзеге асыратын еншілес ұйымдарының балансындағы активтер, сондай-ақ өндіріп алынған мүлік.
2021 жылы банк секторы активтерінің сапасына 2019-2020 жылдары жүргізілген бағалау (AQR) нәтижелері бойынша банктердің провизияларды қалыптастыру және кепіл мүлкін бағалау процестерін жетілдіруге бағытталған реттеушілік талаптар қабылданды. Бұл банктердің кредиттер бойынша провизияларды неғұрлым уақтылы және толық қалыптастыруына ықпал етеді, бұл стрестік активтердің баланстық және әділ құны арасындағы алшақтықты қысқартады.
Сонымен қатар, озық халықаралық тәжірибені ескере отырып, банктердің баланстарын өзін-өзі тазартудың нарықтық тетіктерін құру үшін Қазақстанда стрестік активтердің өтімді нарығын құру үшін кедергілер мен талаптарға талдау жүргізілді және оларды жою жөнінде ұсынымдар әзірленді.