Ірі экономикалық құлдырауға бай елдер қабылдаған шаралар түрткі болуы мүмкін – БҰҰ

Жыл сайынғы сауда және даму есебін жариялау кезінде БҰҰ пайыздық мөлшерлемелерді өсіру және ең бай елдердің қабылдаған үнем шаралары жаһандық рецессияны тудыруы мүмкін екенін, өз кезегінде ол дамушы елдерге ауыр соққы болып тиетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

The Guardian басылымы жазғандай, БҰҰ ірі орталық банктердің тоқтаусыз баға өсіміне жауап ретінде ставкаларды көтеруге деген ұмтылысы ауыр салдарға әкеліп соғатын "абайсыздағы авантюра" болып жүрмесіне ешкім кепіл бере алмайтынын айтқан.

Басылымның нақтылауынша, әлемдік орталық банктер соңғы 40 жылдағы ең жоғары мәнге дейін негізгі ставкаларды көтерді. Осылайша, қаржылық реттеуші органдар ұлттық экономикадағы инфляцияны бәсеңдетеміз деп үміттенеді. Бірақ БҰҰ бұл әрекеттер қарыз дағдарысына әкеліп соғуы мүмкін деп санайды.

Ұйым коронавирус кезеңіндегі пандемия мен Украина территориясындағы жағдайлар тудырған экономикалық соққыны еңсеруге тырысып жатқан кедей елдерді осындай қарыз дағдарыстарының толқынына ұрындырмас үшін шұғыл түрде "бағытты түзету" қажет деп санайды.

Осыған байланысты мынандай ұсыныстар алға тартылды: бағаға стратегиялық бақылау енгізу, жоспарланбаған шығындар салығын айналымға қосу, монополияға қарсы шараларды және тауарлық алыпсатарлықты реттеуді күшейтуді. БҰҰ сарапшыларының пікірінше, бұл кедей елдерге инфляциялық қысыммен күресуге көмектеседі. Сонда оларды шыңырауға итергендей болмаймыз.

Ұйымның есебіне сәйкес, Замбия, Суринам және Шри-Ланка ең үлкен экономикалық соққыларды бастан өткеруде. Бұл елдерде COVID-19 пандемиясына дейін қарыз дағдарысының белгілері байқалған.

БҰҰ
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: