АЭХА басшысы: Қазақстанда атом бағдарламасын іске қосуда өзіндік негіз бар

Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік атом электр станцияларын салу және пайдалану кезінде қандай қауіпсіздік стандарттарын сақтауы қажет? Осы және өзге сұрақтарға аталған халықаралық агенттіктің бас директоры Рафаэль Гросси жауап берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

24.kz тілшісі Венадағы Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттіктің  (МАГАТЭ) штаб-пәтерінде Рафаэль Гроссиден сұқбат алды.

– Әлемдегі "жасыл" экономиканың дамуындағы атом энергетикасының рөлі қандай?

– Барлығымыз білетіндей, бүгінде бүкіл әлемде экономиканың тұрақты дамуы үшін қажетті энергияны алуда әртүрлі елдердің қолданатын тәсілдеріне қатысты жаһандық проблема бар. Адамзат климаттың өзгеру белгілері, жаһандық жылыну, атмосфераға СО2 шығарындыларының теріс әсері сынды мәселемен көптен бері бетпе-бет келуде. Әрине, көптеген ел ауаға бөлінетін зиянды шығарындыларды азайтудың жолдары мен  амалдарын табуға тырысып жатқаны ешкімге жасырын емес. Бұл, әрине, климаттың өзгеруі туралы халықаралық конвенция және басқа да халықаралық деңгейдегі құжаттар арқылы жүзеге асырылатын бірқатар стратегиялар мен халықаралық мәлімдемелерге алып келді. Көмірқышқыл газының атмосфераға зиянды шығарындыларын залалсыздандыру және оның көлемін айтарлықтай азайтуға қол жеткізу үшін бізге атом энергиясы қажет екендігі ғылыми тұрғыда дәлелденгенін атап өткім келеді.

Климаттың өзгеруінің жаһандық көрінісі әр елдің мақсатқа жету жолдарының қажеттілігі мен мүмкіндігіне байланысты 2030 немесе 2050 жылдарға қарай зиянды шығарындыларды залалсыздандыруға қол жеткізу маңызды екенін көрсетіп отыр. Біз мұны Солтүстік Америкада, Еуропада және Азияда, Латын Америкасында сәтті жүзеге асырылып жатқанын көріп отырмыз, тіпті бұл ретте Африканың өзі Мысыр мен Оңтүстік Африкада маңызды жобаларды қолға алған. Мұнай мен газ қоры мол Гольф деп аталатын ел де, бір қызығы, осы жолға бет алған. Халықаралық проблема бар, кейбіреулер оны дағдарыс деп те атайды. Біз қоршаған ортаға көп зиян келтірмейтін таза, "жасыл"  энергия көздерін іздеуіміз керек.

Қазақстанның атом энергетикасын дамыту жөніндегі жоспарларын және еліміздің ауаға бөлінетін зиянды шығарындыларды азайту бойынша қабылдаған жоспарларына қандай баға бересіз?

– АЭХА Қазақстанмен бұрыннан бері жұмыс істеп келеді. Қазақстан Кеңес заманының бір бөлігі әрі атом энергетикасы бар ел ретінде оны бұрын тұтынып келді. Жалпы, бұл өте маңызды жайт, өйткені технологиялық база құрылды және бүгінде Қазақстанда осы технологияларды білетін және пайдалана алатын өте тәжірибелі мамандар көп. Алайда, бүгіндері Қазақстанда атом энергиясының өндірісі жоқ. Бірақ атом энергетикасы саласында қолға алынған жаңа жоба бар. Өздеріңіздің президенттеріңізбен кездесіп, оны талқылау мүмкіндігі мен құрметіне ие болдым. АЭХА Қазақстанға кеңес берді деп айта аламын, бұл ретте бізде сіздің еліңіздің алға жылжу үшін қажетті ядролық, институционалдық және нормативтік инфрақұрылымды анықтау және талдау миссиясы болды. Биыл да біз түрлі тренингтер мен кездесулер аясында жұмыс істеп жатырмыз, ол арада біз осы жоба бойынша оң шешім қабылданған жағдайда Қазақстанның атом энергиясы өндірісін енгізу жөніндегі күш-жігерін сүйемелдеуге және қолдауға дайын болуымыз үшін қазақстандық атом саласы мамандарымен әріптестікте жұмыс істеудеміз.

– АЭХА ұйымға мүше елдерге атом энергетикасы инфрақұрылымын дамытуға қалай көмектеседі?

– Әртүрлі тәсілдер бойынша, тағы да бұл арада әр елдегі жағдайға байланысты, яғни сипаттамалары мен мүмкіндіктеріне қатысты. Жалпы, біз кеңес береміз, тренингтер өткіземіз. Бізде "milestones" деп аталатын құрылымдық әдістемелік тәсілге негізделген бағдарлама бар. Ол 19 түрлі кезеңнен тұрады, оны кез келген ел атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданған сәттен бастап сақтауға міндетті. Бұл - алғашқы шешім қабылданған саяси деңгейден бастап атом электр станцияларын пайдалануға беруге дейінгі аралықта: барлық осы кезеңдердің траекториясы арқылы көптеген салада жүзеге асырылатын  қадамдар, шаралар, шешімдер мен әрекеттер. Біз мұндай модельді Біріккен Араб Әмірліктерінде сәтті қолдандық. Атом энергетикасы бойынша мүлде тәжірибесі жоқ бұл ел 10 жылдан аз уақыт ішінде төрт атом электр станциясын сала алды. Олар осы елде тұтыналатын барлық электр энергиясының 25%-ын өндіреді.

Агенттік Қазақстанның еліміздегі алғашқы атом электр станциясын салу және пайдалану жөніндегі жоспарларын қолдайды ма?

– АЭХА сіздің еліңіздегі қажетті инфрақұрылымды бағалау процесін бастап кетті. Біздің мамандар да, сарапшылар да қорытынды есепті алды, ол бойынша Қазақстанда атом бағдарламасын іске қосу үшін қажетті өзіндік негіз бар екені анықталып отыр. Сондай-ақ біз елдегі қауіпсіздік стандарттарының қолданысы деңгейін талдадық және әу бастан, оған қатысты оң көзқарас туды. Енді Қазақстанның өзі осы бағытта алға жылжығысы келеді ме-келмейді ме, соны шешуі керек. Бұл жаңа кезеңге жол ашады: қандай технологияны таңдайсыздар, атом станциясының көлемі қандай болмақ дегендей. Бұл – қабылдануы тиіс өте ауқымды шешімдер. Ал олар өз кезегінде біз көрсететін қолдау түрлерін анықтайтын болады. Мәселен, сіздердің атом бағдарламаларын қолға алған басқа елдерге қарағанда тәжірибелеріңіз көбірек делік. Сіздердің еліңіз тарихи түрде осы салаға, әу баста тартылған болатын. Бүгінде Қазақстанда қажет кезде немесе нарықта уран жеткізілімі жетіспеушілігі жағдайында пайдалануға болатын Төмен байытылған уран банкі бар. Жалпылай алғанда, бұл шешім қабылданған жағдайда өте пайдалы екенін таныта алатын Қазақстан тәжірибесі ұтымды болмақ. Бұл тәжірибе процесті басқа елдерге қарағанда үйлесімді және жылдамырақ жүзеге асыру үшін қажет.

– Атом электр станцияларын салу мен пайдалануда мемлекет қандай қауіпсіздік стандарттарын ұстануы тиіс?

– Атом ғылымы, технологиясы және оны қолдану тәсілдері – бұл қоршаған ортаны, жұмысшы кадрларды және қоғамды қорғауда көптеген нақты шараларды қажет ететін қызмет түрі. Ядролық қызметтің көп бөлігі қауіп-қатерді білдірмейді, бірақ еліңізде АЭС пайда болған сәттен бастап сізде көптеген ядролық материалдар, соның ішінде станцияны қуаттандыруға арналған төмен байытылған уран қоры болады. Міне, соны қорғау керек болады. Осы мақсатта АЭХА-ға кіретін елдер де, жаһандық деңгейде де көптеген жылдар бойы жұмыстар атқарылып келеді. 70 жылдан астам уақыт бойы біз бүкіл әлемде коммерциялық ядролық қызметпен айналысып келеміз. Осы уақыт ішінде біз қауіпсіздік стандарттары, электр станцияларын пайдалану, ядролық қалдықтарды басқару және ядролық материалдарды тасымалдау мәселелері бойынша комитеттерде көптеген кездесу өткіздік. АЭС-ті пайдалану жөніндегі қызметтің әрбір түрі объектілердегі физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өте қатаң стандарттарын ұстануға міндетті болады. 

Мысалы, Германия сияқты көптеген ел бүгінде өздерінің атом электр станцияларын жауып жатыр. Бұл Еуропалық одақтың энергетикалық дамуына қалай әсер етуі мүмкін?

– Германия – атом электр станцияларын жапқан санаулы елдердің бірі. Бұл Германия үкіметі қабылдаған заңды шешім болды. Көптеген ел "біз де осылай жасай аламыз" деп ойлады, бірақ олар артынан бұл пікірлерін өзгертті. Неге? Себебі қолжетімді технологиялар мен қолданыстағы қауіпсіздік стандарттарына неғұрлым байыпты бағалау жүргізілді. Мен әңгімемнің басында айтып өткенімдей, жаһандық жылыну, климаттың өзгеруі және осындай жағдайда не істеу керек деген мәселелер талқысы атом энергетикасына деген қызығушылықты, керісінше арттырып отыр. Атом энергетикасы жаңартылған энергия көздеріне жатқызылатын технологиялардың бірі ретінде "ЕО таксономиясы" деп аталып, тізімге қосылды. 

Ол өте маңызды және басқа да ерекше проблемаларды тудырмайды, сондықтан ол елдерді қолдауға құқылы, қаржылық және институционалдық тұрғыдан болсын. Менің ойымша, бұл өте маңызды. Өткен жылдың желтоқсан айындағы соңғы конференцияда Климаттың өзгерісі туралы конвенцияда "атом энергетикасын дамытуды жеделдету керек" деген халықаралық консенсусқа қол жеткізілді. Тек қабылданып қойған жоқ, сонымен қатар жаңартылатын энергияның дамуымен бір деңгейде жеделдетуге басымдық берілді. Менің ойымша, мұның бәрі бүкіл энергия ландшафтының бір бөлігі ретінде және оның бүкіл әлемдегі өсімі тұрғысында Қазақстан үшін экономиканы орнықты дамытуда атом энергиясын пайдаланатын елдердің қатарына қалай қосылудан басқа артық тиімді ұсыныс жоқ екенін көрсетеді.




Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: