Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазір елімізде 4 мыңға жуық түрік компаниясы жұмыс істеп жатқанын, олармен бірлесіп, құны 6 миллиард доллар болатын бірқатар жоба жүзеге асырылғанын жеткізді. Бұл жобалар энергетика, құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, медицина, туризм секілді маңызды салаларды қамтиды. Қазақстанның Түркияға салған инвестициясының көлемі 2,5 миллиард доллардан асты.
"Біз ашық әрі сенімді серіктес ретінде түрік инвесторларын қолдауға әрқашан дайынбыз. Сондықтан Түркия компанияларын ұзақ мерзімге арналған ірі жобаларға атсалысуға шақырамын. Көлік-логистика саласындағы байланысты күшейтуге мүмкіндік мол. Біз елдеріміздің стратегиялық тұрғыдан ұтымды жерде орналасқанын барынша тиімді пайдалануымыз керек. Қазір Еуропа мен Қытай арасында құрлық жолымен тасымалданатын жүктің шамамен 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Осы ретте Транскаспий халықаралық көлік бағдарын, яғни, "Орта дәлізді" дамытудың мән-маңызы зор. Бұл – екі елдің мүддесіне сай келетін бастама. Қазақстан теміржолды жаңғырту, автокөлік жолдарын салу, сондай-ақ Каспий теңізінде кеме қатынасын жандандыру үшін инфрақұрылымды жетілдіру жұмысын қолға алды. Түрік инвесторларын осы жобаларға белсене қатысуға шақырамыз. Үкіметіміз Түркия кәсіпкерлеріне арнайы жеңілдіктер ұсынуға әзір", – деді Президент.
Келіссөз барысында тараптар энергетика саласының маңызына да арнайы тоқталды.
"Қазір Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы жылына 1,4 миллион тонна қазақ мұнайы Түркияға тасымалданады. Біз оның көлемін арттыру мәселесін талқыладық. "Turkiye Petroleum" компаниясының Қазақстан нарығында жұмыс істеуге ниеті бар. Біз мұны құптаймыз. Энергия көздерін әртараптандыру, жаңа электр станцияларын салу және басқа жобаларды жүзеге асыру үшін түрік компанияларының тәжірибесіне сүйеніп, инвестициялық мүмкіндіктерін пайдалануға мүдделіміз. Ірі жобаларды бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз", – деді Мемлекет басшысы.
Президент ауыл шаруашылығын тағы бір маңызды сала ретінде атады. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Түркияның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосып келе жатқанын атап өтіп, астық және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау мәселесі жан-жақты талқыланғанын жеткізді. Қазақстан ауыл шаруашылығын цифрландыру, өнімділікті арттыру және өңдеу өнеркәсібін өркендету ісінде Түркияның жоғары технологиясын пайдалануға қызығушылық танытады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Түркияның қорғаныс және әскери-техникалық бағыттағы зор жетістіктеріне назар аударып, Режеп Тайип Ердоғанды жақында IDEF 2025 халықаралық қорғаныс-өнеркәсіп көрмесінің сәтті өтуімен құттықтады
Бұдан бөлек, келіссөздер барысында IT-технологияларды бірге дамыту мәселесіне айрықша мән берілді. Мемлекет басшысы еліміздің аталған саладағы жетістіктеріне тоқталып, Қазақстан мен Түркияның IT саласындағы стратегиялық серіктестігін нығайтуға зор мүмкіндік бар екенін мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мәдени-гуманитарлық байланыс – қазақ-түрік қатынасының алтын көпірі. Соның ішінде білім және ғылым саласының орны ерекше.
"Қазіргі таңда біздің 12 мыңнан астам студентіміз Түркияда, ал 300 түрік студенті Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Осыған қолдау көрсеткені үшін Түркия Президенті мен Үкіметіне ризашылығымды білдіремін. Ұзақ жылдан бері Түркістан төрінде Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті табысты жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің жанынан Түркияның озық білім ошақтарының бірі – Гази университетінің филиалы ашылмақ", - деді Президент.
Бұдан бөлек, "Маариф" қорының екі мектебін ашу жұмысын қолға алынды.
"Бұл – шын мәнінде, айтулы оқиға. Былтыр қол қойылған келісімге сәйкес, Астана медицина университетінің негізінде Медипол Ыстанбұл жоғары оқу орнының филиалын ашу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Еліміздің медицина қызметкерлерін Түркияның жетекші клиникаларында оқыту және біліктілігін арттыру туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Біз осы игі бастамаларды жалғастырып, білім беру, туризм, медицина саласындағы байланысты одан әрі күшейтуге мүдделіміз. Осы тұста сан қырлы байланыстарды тереңдету мақсатында Түркия азаматтарына Қазақстан аумағында 90 күнге дейін визасыз болу рұқсатын беру туралы шешім қабылданды. Саяхаттаушылар мен кәсіпкерлер үшін бұл қадамның мән-маңызы ерекше деп санаймын. Осындай игі бастамалар достығымызды бекемдеп, өзара сенімді арттырып, жаңа жетістіктерге жол ашады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Тоқаев пен Ердоған БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізгені хабарланған.