Ұлттық экономика министрінің айтуынша, Ұлттық банкпен бірлесіп, жоғары технологиялы экономика салаларына инвестиция тарту бағдарламасы әзірленеді. Бұл бағдарламаға Ұлттық қор мен екінші деңгейлі банктердің қаражаттарын тарта отырып, 1 млрд АҚШ долларына дейінгі бюджет қарастырылған.
"Сондай-ақ, финтехті ілгерілетуге және цифрлық активтер айналымын либерализациялауға жағдай жасайтын, сонымен қатар, банктердің бос өтімділігін нақты экономика секторына тартуды ынталандыратын "Банктер туралы" заң жобасы әзірленеді", – деді Жұманғарин.
Оның айтуынша, 2029 жылға дейін ЖІӨ-ні екі еселеу мақсатында мемлекет жоғары инвестициялық белсенділікті барынша ынталандырады.
"Үкімет автомобиль жасау, теміржол машина жасау, химия және мұнай-химия өнеркәсібі, сирек кездесетін жер металдарын қоса алғанда, минералдық-шикізат базасын толықтыру, сондай-ақ АӨК өнімдерін қайта өңдеу сияқты перспективалы бағыттарды айқындады. Бұл салаларда жаһандық бәсекеге қабілетті экспорттық өндірістерді құруға болады", – деп атап өтті министр.
Жалпы "инвестициялық сұраныс" жобаларының жоспарланған сомасы 5 трлн теңгеден асады. Инвесторларды тарту, құрылымдау және талдау жұмыстарын "Бәйтерек" холдингі жүзеге асыратын болады.
Бұған дейін Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тауар айналым бір жылда 3,6%-ға артқанын жазғанбыз.