Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тауар айналым бір жылда 3,6%-ға артты

Іскерлік кеңес, Астана, Қазақстан, Моңғолия, Серік Жұманғарин, сурет - Zakon.kz жаңалық 05.09.2025 21:57 Сурет: primeminister.kz
2025 жылы 5 қыркүйекте Астанада Қазақстан–Моңғолия Іскерлік кеңесінің екінші отырысы өтті. Қазақстан Үкіметінің атынан сөз сөйлеген ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин шараның маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның айтуынша, Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралының төрағасы Дашзэгвийн Амарбаясгалан бастаған парламенттік делегацияның сапары ерекше мәнге ие. Бұл – 20 жылдан астам уақыттан кейінгі ең жоғары деңгейдегі алғашқы ресми сапар. Вице-премьердің пікірінше, бұл қадам екі ел арасындағы сенімнің жоғары деңгейін және саяси диалог пен экономикалық әріптестікті одан әрі дамытуға дайын екенімізді көрсетеді.

"Қазақстан мен Моңғолияны географиясы мен тарихы ғана емес, рухани жақындық пен мәдени дәстүрлер де байланыстырады. Халықтарымыз ғасырлар бойы достықты, өзара түсіністікті сақтап келеді. Бүгінде осы мұраны жаңа мазмұнмен байытып, ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік бар", — деді Серік Жұманғарин. 

Отырыста мемлекеттік органдар мен Қазақстан Парламентінің өкілдері, "Атамекен" ҰКП, Сыртқы сауда палатасы, квазимемлекеттік сектор, сондай-ақ қос елден келген 100-ден астам кәсіпкер қатысты.

Кеңестің күн тәртібінде ынтымақтастықтың келешегі зор бағыттары қаралды. Екі елдің астаналары арасында әуе қатынасын қалпына келтіру, жаңа тікелей рейстер ашу және автомобиль жолын салу жоспарланып отыр. Бұл қадам Орталық және Шығыс Азия әлеуетін өзара байланыстыруға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығында экологиялық таза өнім өндіру бойынша бірлескен жобаларға жол ашылады. Сонымен қатар ғылым мен білім саласындағы әріптестікке ерекше назар аударылды. Қазақстан Моңғолия азаматтарына білім гранттарын ұсынуға, инженерлік, IT және басқа да сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадр даярлауға дайын екенін жеткізді. Бұдан бөлек, тараптар тау-кен өнеркәсібі мен энергетика салаларындағы ынтымақтастықты да талқылады.

"Іскерлік байланыстардың табысты дамуы екі ел кәсіпкерлерінің белсенді қатысуына тікелей байланысты. Кәсіпкерлік қауымдастықты жаңа ынтымақтастық мүмкіндіктерін бірлесіп дамытуға, перспективалы жобаларды анықтап, жүзеге асыруға шақырамын. Бүгінгі отырыстың нәтижелері болашақ келісімдер мен сәтті келісімшарттарға берік негіз қалайды деп сенемін", — деді вице-премьер.

2025 жылдың қаңтар–шілде айларында Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тауар айналымы 74 млн долларды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6%-ға артты. Қазақстаннан Моңғолияға экспорт көлемі 71,5 млн долларға жетті. Экспортталатын негізгі тауарлар – қайта өңделген және ауыл шаруашылығы өнімдері.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: