Агенттік мәліметінше, "Стоп-кредит" қосылған жағдайда қаржы ұйымы несие беруден бас тартуға міндетті.
"Сонымен қатар заңнамада "Стоп-кредит" қолданылмайтын жағдайлар қарастырылған", – деп хабарлады ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі.
Банктік қарыздарға қатысты тыйым мына жағдайларда қолданылмайды:
- тұтынушылық қарыз сомасы тауарды, жұмысты немесе қызметті сатушының (өнім берушінің) банктік шотына тікелей аударылса және тауарды, жұмысты немесе қызметті алғанын қарыз алушы растаса (тауарлық кредит);
- банктік қарыз сол банктегі басқа қарыз бойынша берешекті өтеуге берілсе (ішкі қайта қаржыландыру); банктік қарыз төлем картасы бойынша белгіленген кредиттік лимит шеңберінде, 150 АЕК-тен (648 750 теңге) аспайтын мөлшерде берілсе (тауарлар мен қызметтерді төлеуге арналған жаңартылатын кредиттік лимит);
- банктік қарыз тек салықтарды, айыппұлдарды немесе атқарушылық іс жүргізу бойынша берешекті өтеуге арналса және қаражат тиісті мақсатқа аударылса.
"Стоп-кредит" қосылған жағдайда микрокредит мына мақсаттарға берілуі мүмкін:
- тауарларды, жұмыстарды немесе қызметтерді сатушыға (өнім берушіге) тікелей төлеуге;
- сол микроқаржы ұйымындағы берешекті қайта қаржыландыруға;
- салықтарды, айыппұлдарды және атқарушылық іс жүргізу бойынша берешекті өтеуге.
"Ломбардтар беретін микрокредиттерге "Стоп-кредит" қолданылмайды", – деп хабарлады агенттік.
Агенттіктің түсіндіруінше, егер банктік қарыз немесе микрокредит "Стоп-кредит" талабын бұза отырып берілсе, қаржы ұйымы заңда көзделген шараларды қабылдауға тиіс. Олардың қатарында қарыз алушының несие берешегін есептен шығару, кредиттік тарихына түзету енгізу және одан өндірілген сомаларды қайтару бар.
Сонымен қатар "Стоп-кредит" механизмі банк немесе микроқаржы ұйымы қарыз немесе микрокредит беру кезінде сақтауға міндетті өзге де талаптардың күшін жоймайды.