Жаңа Қазақстанның парламенті қандай болуы мүмкін?

Қаңтардағы тәртіпсіздіктен кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйекте саяси реформалар болатынын айтты. Ал сарапшылар мемлекет басшысы парламент сайлауын жариялауы мүмкін екенін жоққа шығармайды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Саясаттанушы Замир Қаражановтың айтуынша, қоғамда парламентті өзгертуге құлшыныс бар. Сондықтан ол парламентті жаңарту керек деп есептейді. Бірақ іске кіріспес бұрын сайлау, депутаттардың мәртебесі, коммерциялық емес ұйымдар, Орталық сайлау комиссиясы туралы заңдарды қайта қарау керек.

Егер президент сайлауды қыркүйекте болады деп жарияласа, онда ол келесі жылдың қаңтар-ақпан айларында өтуі мүмкін. Реформаға да уақыт қажет. Бірақ сарапшының сөзінше, өздері қаласа, заңдарды тезірек қарастыруға болады.

Саясаттанушы қазіргі парламент тиімсіз және сапасыз деп есептейді. Депутаттар қабылданған заңдарға дұрыс жауап бере алмайды және өкілдік ету және бақылау сияқты екі маңызды функцияны нашар орындайды.

Парламент кем дегенде екі функцияны – өкілдік етуді және бақылауды орындауы керек. Парламент барлық заңды сын елегінен, пікірталастан өткізгенде ғана ол нағыз парламент болады. Ал бізде депутаттар каникулға кетіп отырады. Бұл – кеңес дәуірінен қалған үрдіс. Негізінде олар мектеп оқушысы емес қой. Депутаттар демалысқа шығатындай шахтада ауыр жұмыс істеп жатқан жоқ. Олар каникулға кеткенде елдегі маңызды заңдар қараусыз уақыт өкізіп тұрады. Бүкіл халық сол заңдарға қарап қалады. Бұл дұрыс емес.Саясаттанушы Замир Қаражанов

Саясаттанушы сайлауды кейінге қалдырудың қажеті жоқ екенін айтып отыр. Оның сөзінше, реформа қыркүйекте емес, алдағы екі-үш айда қабылдануы керек.

Ал Еуразиялық интеграция институтының директоры, саясаттанушы Оразғали Селтеев парламент сайлауы шамамен бір жылдан кейін өтуі керек деп есептейді. Оның ойынша, әуелі президент саяси реформалар пакетін ұсынып, оны жүзеге асыруға 4-6 ай уақыт береді. Содан кейін ғана кезектен тыс сайлау өтетіні жарияланады.

Меніңше, президент күзде, тіпті одан ертерек саяси реформалардың жаңа пакетін жарияласа, Мәжіліс пен мәслихаттардың сайлауы 2023 жылдың басына дейін бола қоймайды. Шамамен бір жылдан кейін өтеді деп ойлаймын.Оразғали Селтеев

Саясаттанушының пікірінше, саяси реформа жасаған кезде партиялар, мәслихат, парламент және Орталық сайлау комиссиясы туралы заңдарға өзгерістер енгізілуі керек.

Жаңа саяси партиялардың пайда болуы, құрылуы және тіркелуі түбегейлі шешіледі деп ойлаймын. Партияға тіркейтін адам саны міндетті түрде қысқарады. Бұған дейін бізде 40 мың болса, кейін саяси реформалардың бірінші, екінші пакетінің нәтижесінде Президент оны 20 мыңға дейін қысқартты. Бірақ бұл да көп. Меніңше, адам саны 2000-ға, тіпті 500-ге дейін қысқаруы мүмкін. Мұндай тәжірибе Ресейде болған. Бәлкім аумақтық факторлар да болмайды. Қазір партия құрғалы жатқан адамдар 17 облыстың бәрінде қол жинауы керек. Дәл осы мәселе сәл жеңілдетілетін шығар.Саясаттанушы Оразғали Селтеев

Саясаттанушы Қазақстанда депутаттардың жартысы қазіргідей партиялық тізім бойынша, ал қалған жартысы бір мандатты округтерден сайланатын аралас сайлау жүйесіне қайта оралу керек деп есептейді. Сонда нақты партияға тіркелмесе де, азматтар өз кандидатурасын қандай да бір округтен, облыстан өз бетінше ұсына алады.

Сарапшы реформалар парламенттің жоғарғы палатасына да әсер етуі керек деп есептейді.

Қазір сенаторларды мәслихаттар жанама дауыс беру арқылы сайлайды. Бірақ мұның бәрі жабық, түсініксіз түрде өтеді. Бізде 17 облыстан екі сенатор барын, сонда бәрі 34 сенатор екенін жұрт біле бермейді. Оның 15-і президент квотасы бойынша тағайындалған. Меніңше, барлық сенатор тікелей сайланатын болады. Әкімдерді сайлау процесінде түбегейлі өзгеріс болуы керек. Қазір олар филиал басшысы болғандықтан Nur Otan-да партиялық тізімнің қалыптасуына ықпал етіп жатыр. Бұл тәсіл алынып тасталады деп ойлаймын.Оразғали Селтеев

Сарапшы саяси реформалар жүзеге асқаннан кейін Орталық сайлау комиссиясы тәуелсіз органға айналып, ашық сайлау өткізетініне сенімді.

Ал тағы бір саяси сарапшы Ғазиз Әбішев партиялар мен сайлауға қатысты саяси реформалардың жаңа пакетін әзірлеуге байланысты парламентті тарату мәселесі ерте ме, кеш пе, көтеріледі деп есептейді.

Егер салмақты реформалар қабылданса, біраз жаңа партиялар пайда болуы мүмкін. Саяси алаң айтарлықтай жаңарады. Мұндай жағдайда Мәжіліс құрамын жаңарту мақсатында жаңа парламент сайлауын өткізу мәселесі тууы заңды. Мәжіліс тарауға, Президент оларды таратуға міндетті болмаса да, осындай мәселе болатыны сөзсіз. Неғұрлым көп өзгеріс болса, соғұрлым бұл мәселе өзекті бола береді.Ғазиз Әбішев
Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі Қазақстан Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: