«Қызғалдақ ханзадасы» сезімтал гүлді қалай табыс көзіне айналдырды

8 наурыз қарсаңында гүл өсіру, сату кәсібі қаншалықты ақталады? Бағбандар қызғалдақтай сезімтал гүлді қалай баптайды? Zakon.kz тілшісі «Қызғалдақ ханзадасы» жылыжайына барып, кәсіп иесімен әңгімелесіп қайтты.

Кәсіпкер Олжас Серікұлы өз жылыжайында қызғалдақ өсіреді. Оны арнайы 8 наурыз қарсаңында баптап, гүлді жергілікті дүкендерге және басқа қалаларға сатады. Қызғалдақтың пиязшығын кәсіпкер Голландиядан арнайы тапсырыс беріп, алдырады екен.

Сурет: Zakon.kz

Гүлдер бәрін сезеді деген рас па?

Ал қызғалдақты баптап, өсіру кәсіпкердің анасы мен әкесінің жұмысы деуге болады. Себебі 45 жылдай дәрігер болып еңбек еткен Рахима Құсманова гүл өсіргеннен ләззат алады. Қазір ол зейнет жасында болса да, қол қусырып отырмайды. Бабын тауып гүлдерді бала сияқты бабтайды. Рахима апай күнде гүлдермен сөйлесіп, еркелетіп, суықтан қорғап отырады. Себебі гүлдердің ішіндегі ең сезімталы - қызғалдақ.

Сурет: Zakon.kz

Гүл өсіру – кәдімгідей жұмыс. Күнде олармен сөйлесемін. Қырмызы гүлдеріме арнайы келіп, бәрінің қасынан өтемін, айналып, ән айтып беремін. Гүлдер еркелеткенді, ән айтқанды, жылы сөзді жақсы көреді. Күндіз бір уақыт көңіл бөлсем, кешкісін әдемі болып тұрады.Рахима Құсманова

Сурет: Zakon.kz

Рахима апай жылыжайға бөгде адамдарды кіргізбейді. Айтуынша, адамдардың көңіл-күйі әртүрлі болады. Ол қызғалдақтарға жағымсыз көңілдің әсер еткенін қаламайды.

Сурет: Zakon.kz

Менің ойымша, гүлдер бәрін сезеді. Егер көңіл-күйім болмай тұрса, жылыжайға кірмеймін. Бұларға өзімнің жағымсыз энергиямыды бергім келмейді. Ашуланып тұрсам, біраз сабама түскенше күтемін, далада жүре тұрамын. Содан кейін ғана жақсы көңіл-күймен кіремін. Жылыжайдың табалдырығын аттаған бойда «Менің әдемі гүлдерім, ашылып тұрсыңдар ма? Шөлдеп тұрсыңдар ма? Мына жер ыстық болып кетпеді ме? деп жағдайын сұраймын.Бағбан

Сурет: Zakon.kz

Қызғалдақтың күтімі қандай?

Голландиялық қызғалдақ 8 наурыз – Әйелдердің халықаралық күніне дайын болуы үшін кәсіпкер оны желтоқсан айында егеді. Ал қаңтардың 15-терінен бастап жылыжайда от жағып, ішін жылытады.

Сурет: Zakon.kz

Содан кейін гүл тамырланып, басы топырақ бетіне шыға бастайды. Сол кезде толық суғарып, жылыжайды қалыпты температурада ұстап тұру керек. Ақпан айында жылу тоқтамайды, үнемі пеш жағылады. Осындай қалыпты, жылы температурада қызғалдақ жақсы өседі.

Сурет: Zakon.kz

Гүлдің суғарылуы

Қызғалдақты суғару үшін бағбандар бірінші жылыжай ішіндегі бакқа су толтырады. Су жылыжай температурасында біраз тұруы керек. Содан кейін барып қызғалдақты суғаруға болады. Гүлдерді арнайы кешкі уақытта суғарады. Оны қызғалдаққа жіңішке құбырмен жеткізіп, өз мөлшерінде тамшылатып қояды. Мұндай құбырлар гүл суғаруға арнайы жасалған. Одан су тек қажет мөлшерде тамады.

Сурет: Zakon.kz

Қызғалдаққа қатты ылғал қажет емес. Топырақ өте ылғал болса, түбі шіри бастайды. Сондықтан жерді тексеріп, құрғай бастағанда ғана арнайы аппаратты қосамыз. Су құбырмен өз мөлшерінде ғана келіп тұрады.Рахима Құсманова

Сурет: Zakon.kz

Қызғалдақты суғару мерзімі оның топырағы құрғауына байланысты. Қазір шамамен үш күнде бір суғарса, жеткілікті. Сонымен бірге қызғалдақты тек кешке суғарады. Бұл оны жинауға да ыңғай жасайды. Топырақ ылғал кезде гүл оңай әрі пиязшығымен бірге алынады. Әрі кешке гүл қауызы жабылып тұрады.

Сурет: Zakon.kz

Жұлынған қызғалдақты арнайы қағазға орайды. Одан кейін дәл сол қалпы дүкендерге жөнелтеді. Голландияның қызғалдақтары арнайы қағазда жақсы сақталады.

Сурет: Zakon.kz

Қызғалдаққа жылу мен жақсы көңіл-күйден басқа не қажет?

Ақпанда Алматыда бірнеше рет қар жауды. Сол күндері жылыжайдағылар бір температураны сақтауға тырысыпты. Мұнда үнемі қалыпты температура болуы керек. Бағбандар жылыжайды арнайы желдетіп те тұрады. Мысалы, жылыжай ішіндегі температура 20 градус болса, қызғалдақ толығымен ашылып кетеді. Сондықтан сағат 16:00-ден соң жылыжайдың пешін жағып, ішті жылытады. Бұл –қызғалдақ ашылып, жапырағы түсіп қалмауы үшін жасалатын амал.

Сурет: Zakon.kz

Толық өскен гүлдерді тек кешке жұлып, жинайды екен. Себебі кешкі уақытта қызғалдақ жабылады.

Сурет: Zakon.kz

Гүл өсірейік деген идея баламдікі. Оны біз әкесі екеуміз қолдадық. «Неге гүл өсіріп көрмеске?» дедік. Пандемия кезі болғандықтан бүкіл жылыжайға гүл еге бермедік. Жарты территория гүлдің өзі жетіп артылады деп шештік. Себебі гүлді егудің алдында және кейін арнайы комиссия келіп тексереді. Солай ғана кәсіпкер гүлді сатуға рұқсат алады.Рахима Құсманова

Egov.kz арқылы лицензия алуға өтініш беріледі. Содан кейін мамандар жылыжайға келіп, гүлдің пробасын алып кетеді. Гүлде бәрі таза болса, лицензия беріледі. Сол лицензия арқылы гүлді сатуға, әуеде тасымалдауға болады.

Сурет: Zakon.kz

Гүл өсіру үшін лицензия, не басқа да рұқсат қағаздары қажет емес. Тек оны өзге аймақтарға жеткізу кезінде фитосанитарлық, карантиндік рұқсат қажет. Оны аудандық фитосанитарлық зерттеу жергілікті атқару органдары гүлімізді тексеріп, зерттеу нәтижесі оң болған жағдайда береді.Кәсіпкер Олжас Серікұлы

Сурет кәсіпкердің жеке архивінен

Гүл жақсы өсуі үшін оған күн де тіке түспеуі керек. Жылы күндері күн гүлге қатты тимеуі үшін жылыжай сыртын сәл көлеңкелеп қояды. Егер гүлге күн тіке түссе, қауызы қатты ашылып, бойы аласарып қалуы мүмкін.

Сурет кәсіпкердің жеке архивінен

Биыл кәсіпкер Голландия қызғалдағының «strong love, strong power, ivanka, saimon impression» деп аталатын бірнеше түрін еккен.

Сурет: Zakon.kz

Кәсіппен осымен 4 жыл айналысып келеміз. Қазір қызғалдақтың 11 түрі өсіп тұр. Биыл біразы жаңа сорттар. Гүлді Ақтау, Нұр-Сұлтан сияқты басқа қалаларға да жеткіземіз. Тіпті Алматыға да жетпей қалатын кездер болады.Рахима Құсманова

Сурет: Zakon.kz

Пандемия кезіндегі гүл саудасында өзгеріс бар ма?

Бизнесмен гүлді жақсылап күтіп, баптай білсеңіз, кәсіп өзін ақтайтынын айтып отыр. Алайда гүлдің жақсы сатылуына ауа райынан бастап ішкі нарыққа дейін барлығы тығыз әсер етеді.

Әркезде әрқалай. Барымызды салып, бірақ пайдасыз қалған жылдар да болды. Оған көптеген фактор әсер етеді. Пандемия кезінде кәсіп қалай жүрер екен деген қорқыныш болып тұрады. Дегенмен шекаралар жабық болған күнде де онлайн тапсырыспен қызғалдақтың пиязшығын алдыра аламыз. «Қызғалдақ ханзадасы» кәсібінің иесі Олжас Серікұлы

Сурет кәсіпкердің жеке архивінен

Кәсіпкер елімізде мереке қарсаңында гүлге сұраныс жақсы болатынын айтып отыр. Ол гүл бизнесін бастамай тұрып осы нарықты арнайы зерттеген.

Сұраныс көп. Барлығын жақсылап зерттедік. Нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар. Жалпы 8 наурыз елімізде белсенді тойланатындықтан бұл мерекеде гүл сатып алу науқаны тоқтаған емес. Қыз-келіншектер мен аналардың көңілін аулап, жақсы сый беру керемет үрдіс қой. Импорттық гүлдер өте көп, бірақ ішкі нарықта да гүл өсірушілер жетедіКәсіпкер

Сурет: Zakon.kz

Арзан әрі әдемі гүлді қалай таңдаймыз?

Гүлді алып, қайта сататындар еккендерге қарағанда көбірек пайда табатын көрінеді. Бірақ кәсіпкер Олжас Серікұлының сөзінше, алып-cатарларға айып болмауы керек. Олар нарықты құрап отыр. Гүлдің бағасы оның сортына қарай қойылады.

Сурет: Zakon.kz

Мысалы, стандартты, конус тәрізді қызғалдақтар мен бойы аласа, сабағы жіңішке түрлері арзан тұрады. Түрі конус емес, пион тәріздес, «попугай» түстес сияқты болса, бағасы өзгеріп жатады. Сосын гүлдің түсіне қарай да, нақты баға қойылады. Көк, қара түсті сирек кездесетін өзгеше түсті гүлдер сәл қымбатырақ сатылады.

Сурет кәсіпкердің жеке архивінен

Гүлдің бағасын көбіне нарық реттейді. Біз тек соларға тұспа-тұс баға қоямыз. Оған гүл өсірушілер әсер ете қоймайды. Егер адамның қалтасы тіпті көтермей бара жатса, онда жылыжайдан сатып алсын. Қызғалдақты таңдағанда сабағынан бастап, гүліне дейін мән беру керек.Олжас Серікұлы

Алматы Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: