Бұл туралы ақпарат ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Telegram-каналында хабарланды.
Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің лауазымды тұлғаларына және «Ария-Жаңа Астана» ЖШС басшылығына, оның ішінде Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. 2021 жылы іс жүзінде аяқталмаған құрылыс-монтаж жұмыстары үшін төленген аса ірі сомада (747 млн. теңге) бюджет қаражатын жымқыру фактісі анықталды, делінген хабарламада.
Ведомствода атап өткендей, тергеу мүддесін көздейтін басқа да мәліметтер жария етілмейді.
Наурыздың 13-і күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің «Қазақтелеком» АҚ-ның аса ірі көлемдегі лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және қаржысын жымқыру фактілері бойынша қылмыстық істі тергеп жатқаны хабарланған болатын. Осы қылмыстарды жасады деген күдікпен Қайрат Сатыбалдыұлы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
17 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына, оның бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға және басқа да тұлғаларға рейдерлік жолмен бизнесті басып алу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастағаны белгілі болды.