Қонаев қаласының тұрғындары маса биыл ерекше көбейіп кеткенін айтады. Аяулым Кенжеханқызы күндіз ыстықтан, түнде масаның кесірінен сыртқа шыға алмай қалдық дейді. Ол аздай баласының денесінде зиянкестен бөртпе пайда болған, деп жазады qazaqstan.tv.
Баланың үстін шағып тастады. Түнімен жылап шығады. Масалар өте көп. Үйдің ішінде де бар. Далаға шықсақ та. Аяулым Кенжеханқызы, Қонаев қаласының тұрғыны
Бұл мәселеге қатысты санитар дәрігерлер масаны улау жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Қазір қаланың айналасын, әсіресе, қамысты алқаптарды дәрілеп жатыр дейді. Жалпы Қонаев маңында 46 су тоғаны бар. Ондағы қансорғыштарды жою мақсатында 60 гектар аумаққа дезинфекция жұмыстары жүргізілген.
Безгек ауруының алдын алу мақсатында біз 16 мамырдан бастап масаларды улауды бастадық. 1 айдан соң екінші кезеңі өтті. Енді әсер ете бастайды. Қалада көл болғандықтан,әрі биыл жауын-шашын көп жауғандықтан, масаның қаптағаны заңды. Олармен күреске қолданатын дезинфекциялық заттар жеткілікті. Лариса Радугина, Қонаев қаласының санитарлық- эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы
Тұрғындар масаның ордасы көл аумағында ғана емес, көпқабатты үйлердің жертөлесінде де көп екенін айтып отыр. Себебі, іші суға толып қалған. Кешенді жұмыс жүргізілуі тиіс дейді.
Көп қабатты үйлерде КСК-ның тұрғылықты адамдардың есебінен жүргізілетін жұмыстар. Қала бойынша жұмыстар өткізілген. Бірақ қазіргі уақытта бюджеттен ешқандай қаражат бөлінбеген. Марғұлан Жолдахмет, Қонаев қаласы әкімінің орынбасары
Дезинфекция жұмыстарын жүргізетін қызмет түріне күніне 10 шақты тұрғын көмек сұрап хабарласады. Компания өкілі ауқымды жұмыс қолға алынбай, жеке тұрғын үйлерді, аулаларды улау нәтиже бермейді деп отыр. Сондықтан масадан мазасы қашқан тұрғындар әкімдіктен кешенді дезинфекция жүргізілуін талап етеміз деп отыр.