Алматы тұрғындары бағдарламамен танысып, ұсыныстарын «Алматыны дамыту орталығының» сайтына 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін қалдыра алады.
Алматы әкімдігінің хабарлауынша, жоспар алматылықтардың өмірін едәуір жақсартуға бағытталған. Оның ішінде ерекше қажеттілігіне, әлеуметтік мәртебесіне, жынысы мен жасына қарамастан барлық қала тұрғыны үшін әлеуметтік игіліктерге тең қолжеткізу бойынша шаралар көзделген.
Инклюзивтілікті, әлеуметтік орнықтылықты және тұрақтылықты арттыру үшін мегаполисте 5 бастама іске асырылады. Олар:
ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін кедергісіз орта ұйымдастыру;
білім беру және денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту;
жастардың дамуы мен өзін-өзі дамытуы үшін тең мүмкіндіктер жасау;
белсенді мәдени өмір;
салауатты өмір салты мен спорт үшін дамыған инфрақұрылым.
Айта кетейік, қазір қалалық нысандардың тек 10%-ы ғана халықтың мүмкіндігі шектеулі топтары үшін қолжетімді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 75%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр. Жыл сайын ерекше қажеттілігі бар азаматтар мен кәсіпкерлер іске асыратын 50 әлеуметтік стартапты қолдау, сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін 1,2 мың педагогтың біліктілігін арттыру көзделген. Белгілерді ерте анықтау және түзету арқылы балалардағы мүгедектік деңгейін 10% төмендетуге қолжеткізу жоспарланып отыр. Мүгедектігі барлардың техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етілуін 80%-дан 100%-ға дейін жеткізу қарастырылған, – делінген Алматы әкімдігінің хабарламасында.
Жоспарда халықтың өсуін ескере отырып, 2025 жылға қарай оқушы орындарының тапшылығын 19,6 мыңнан 7,3 мыңға дейін және 2030 жылға қарай 4,3 мыңға дейін азайту көзделген. Халықтың медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттануы 2030 жылы 53%-дан 70%-ға дейін өсуге тиіс. Ал бірқатар шаралардың арқасында әр алматылық сапалы медицинамен қамтылуға тиіс.
2025 жылға қарай Алматы мәдени іс-шаралар саны мен аудиторияны қамту бойынша Орталық Азияда көшбасшы болуға тиіс. Қала тұрғындарын мәдени өмірге тарту 50%-ға дейін өскені жөн. Сонымен қатар спортты дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға үлкен көңіл бөлінеді. 2030 жылға қарай мегаполис тұрғындарының жартысы денешынықтырумен және спортпен қамтылады, – делінген әкімдік хабарламасында.