Қайғылы жағдай Ақ үйдің алдындағы Лафайет саябағында болды. Кешқұрым найзағай ағашқа түсіп, әп сәтте оны саялап тұрған төрт адамды сұлатты. Ақ үйдің қауіпсіздік қызметі жедел жетіп, алғашқы көмек көрсеткен, деп жазады qazaqstan.tv.
Өкінішке орай, жастары сексенге таяған ерлі зайыпты көп ұзамай ауруханада көз жұмды. Олар отау құрғандарына 56 жыл толғанын атап өту үшін басқа қаладан осы жерге арнайы келген екен. Қазалы хабарды естіген жұрт гүл шоқтарын қойып жатыр. Саябақ қаладағы негізгі туристік нысандардың бірі саналады, әсіресе жаз айларында адам қарасы көп.
Бұл халық үйі. Яғни, көптің тамашалайтын жері. Кеше түнде Лафайет саябағында болған қайғылы қазаға байланысты қайғырып көңіл айтамыз. Біздің жүрегіміз жақындарынан айырылған отбасылармен бірге. Әрі аурханада өмірі үшін күресіп жатқандар үшін дұға етеміз. Кэрин Жан-Пьер, Ақ үйдің баспасөз хатшысы
Десе де зардап шеккен үшінші адамның өмірі бір күннен соң үзілді. Төртінші науқастың да жағдайы ауыр. Жан сақтау бөлімінде жатыр. Ал, ғалымдар болса, ғаламдық жылынудың салдарынан Америка Штаттарына найзағайдың түсуі көбейеді деп отыр. Себебі, ыстық пен ылғал жасынның түсуіне әкелетін негізгі екі фактор. Әсіресе, Вашингтон соған бейім жер саналмақ. Ұлттық ауа райы қызметінің мәліметінше, өңірде тамыздың бастапқы күндері ауа температурасы 34 градус болған. Яғни, 30 жылдан бергі қалыпты максималды температурадан үш градусқа жоғары.