21 тамызда сағат 19:36 шамасында Жамбыл аудандық ПБ-ға Таран ауылына кіре берісте белгісіз көлік велосипедшіні басып, оқиға орнынан қашып кеткені туралы хабарлама келіп түсті.
Жол апаты салдарынан 81 жастағы ер адам Жамбыл ауданының орталық аудандық ауруханасына жеткізілді. Кейін әлеуметтік желілерде жол-көлік оқиғасы болған жерден кадрлар тарады.
Іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері ЗАЗ Chance автокөлігін басқарған Қарасай ауданының 61 жастағы тұрғынын анықтады.
Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабының 2-бөлігі (Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы), 611-бабының 2-бөлігі (ЖКО орнын қалдыру) және 608-бабының 3-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Қазіргі уақытта ұсталған азамат қамауға алынды. Автокөлік айып тұрағына қойылды. Жүргізушінің мас болу дәрежесін анықтау үшін химика-токсикологиялық сараптама тағайындалды.
Тағайындалған сараптамалық зерттеулердің нәтижелері бойынша ЖКО материалдары негізінде түпкілікті шешім қабылданатын болады.