М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетіне 90 жыл

Өткен аптада Орал қаласында еліміздегі байырғы оқу ордаларының бірі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті 90 жылдық мерейтойын атап өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Өңірдегі білім мен ғылымның дамуына жол ашқан білім ордасы 1932 жылы ашылған. Ең алғаш ашылған жылы 83 студент білім алып, оларға 11 педагог сабақ берген. Бүгінгі күнге дейін іргелі білім ордасының қабырғасынан 30 мыңдай түлек білім алыпты. Облыс әкімі Ғали Есқалиев университет ұжымын мерейтоймен құттықтады.

Сурет: М. Өтемісов атындағы БҚУ фейсбук парақшасынан алынды

Батыс Қазақстан университеті – Қазақстандағы ең көне университеттің бірі. Университет ұжымы қазіргі жаһандану дәуірінде тіл үйрену, ғылымға бет бұру, жаңа технологияларды меңгеру, ұлттық мәдениетті дамыту, заман талабына сай мамандар даярлап болашақ чемпииондарды әзірлеу және халықаралық деңгейде ұлт мүддесін қорғау секілді маңызды бағыттар бойынша өз міндетін абыроймен атқарып келеді. Батыс Қазақстан университеті өз қызметі барысында өзіндік дәстүрлері мен құндылықтарын қалыптастырған білім ордасы. Бұл ең алдымен қазақ ғылымының көрнекті тұлғалары биология ғылымының докторы, професор В. Иванов, математик-ғалым А. Тайманов, филология ғылымдарының докторы М. Тілеужанов сынды корифейлер қалдырған мол мұра деуге болады. Қазақта «Білімдіні таны да, соңынан ер» деген жақсы сөз бар. Шоқтығы биік қарашаңырақтың ұстаздарының соңынан білімді жастар ере берсін, елге пайдасы тие берсін, -деді облыс әкімі өз құттықтауында.

Қазіргі таңда білім ордасында 17 ғылым докторы, 131 ғылым кандидаты, 10 PHD философия докторы, 159 магистр еңбек етуде.

Салтанатты шарада жоғары оқу орнының оқытушылары өнертану кандидаты, доцент Галина Гурьеваның «Институттан университетке дейін», тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиевтің «Білім ап саяңда» атты кітаптарының таныстырылымы өтті. Сондай-ақ география ғылымдарының кандидаты Қажымұрат Ахмеденовтың «Солтүстік Каспийдің табиғи мұрасы» және жоғары оқу орны түлектерінің «Ұрпаққа – білім, ұлтқа –қызмет» деп аталатын кітаптарының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.

Сурет: М. Өтемісов атындағы БҚУ фейсбук парақшасынан алынды

Тоқсан жылдық меретойға орай, жоғары оқу орнының қалыптасуы мен дамуы жолында еңбек сіңірген ұстаздар облыс әкімінің алғысхатымен марапатталды. Олардың қатарында Талшын Дәрібаева, Махамбет Ержанов, Рита Сұлтанғалиева және өзге оқытушылар бар. Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: