Жуырда облыс әкімі Ғали Есқалиев аталмыш орталыққа барып, кешеннің тыныс-тіршілігімен танысты.
Өз бетімен жүріп-тұруды сүйемелдеу үйі 20 орынға арналған. Бүгінде онда 14 адам тұрып жатыр. Олардың дені – әлеуметтік көмек көрсету орталығының тәрбиеленушілері. Қызмет алушылар бөлмелерін өздері жинап, киімдерін жуады, тұрмыстық техниканы қолдануды үйренген.
Ыдыс жуып, аспаздың бақылауымен тамақ пісіреді. Сондай-ақ мұнда еңбек дағдыларын дамыту үшін тігін, ағаш шеберханасы, шағын баспахана да бар.
Сурет: "Жайық Пресс" сайтынан алынды
Орталықтың тұрғындарына үй жағдайындағыдай мүмкіндік қарастырылған. Нақтырақ айтсақ, кешеннің бірінші қабатында тігін шеберханасы, ас үй, психолог кабинеті, конференц зал, мейірбике кабинеті, үстел теннисі залы мен шағын баспахана, ағаш шеберханасы, фитнес залы бар.
Ал екінші қабатта қонақ бөлме, жатын бөлмелер және теледидар, wifi-желісімен жабдықталған тынығу аймағы орналасқан. Қонақ бөлменің жабдықтары ұлттық оюлармен безендірілген.
Кешеннің ауласында қызмет алушылар үшін футбол, волейбол алаңдары мен шағын жылыжай орналасқан.
Сурет: "Жайық Пресс" сайтынан алынды
Алғаш ашылғанда орталықта 12 адам болса, қазір олардың саны 14-ке жеткен. Жетеуі жұмыспен қамтылып, олар жарнама компанияларында, банкет залдарында, асханаларда, сауда үйлерінде жұмыс істеп жүр. Соған сай еңбекақыларын да алуда. Кейбір қызмет алушылардың орталықтан шығатын жоспарлары да бар екен. Бірқатары ата-анасының қасына оралғысы келсе, дені баспана алуды армандайды. Осы орайда біз жұмыс берушілермен бірлесіп, жұмыс орнына жақын маңнан арзан бағаға баспана алып беру мәселесін қарастыратын боламыз. Осы орайда бюджеттен бөлінетін 1 миллион 500 мың теңгелік тұрғын үй сертификаты бар. Бұл бастапқы жарнаны жабу үшін беріледі. Депозитке жинаған ақшалары мен тұрғын үй сертификатындағы қаржыны қосып, баспана беру жолын қарастыратын боламыз, – деді өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы.
Қызмет алушылар жергілікті жұмыс берушілер мен орталықтың арасындағы меморандум аясында жұмысқа орналасты. Олар өз міндетін атүсті орындау, жұмыс орнынан кетіп қалу дегенді білмейді. Кез келген істі адал атқарады. Орталыққа келгелі олар тұрғын үй кезегіне тұрды. «Отбасы» банкінен арнайы шот ашылып, еңбекақыларының бір бөлігі аударылуда, – дейді орталықтың бөлім меңгерушісі Гүлнұр Есқабылова.