Астана қаласы Сарыарқа ауданының No2 сотында алғашқы сот отырысы басталды. Журналистерге сот залында қатысу немесе онлайн байланыс орнату мүмкіндігі бар.
Астана қалалық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, процеске No2 Сарыарқа сотының судьясы Назгүл Бапақова төрағалық етуде.
Бұл процеске Қайрат Боранбаевтың қызы Әлима Қайрат та қоғамдық қорғаушы ретінде қатысуда.
17 наурызда қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың ұсталып, қамауға алынғаны белгілі болды.
26 желтоқсанда Қаржы мониторингі агенттігі «AsiaGazChunja» ЖШС құрылтайшылары Қайрат Боранбаев пен Роман Нахановқа, сондай-ақ «Qazaq Gaz» АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзаққа қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Сотталушылар сұйытылған мұнай газын сатып алу кезінде 14,5 миллиард теңгені жымқырды және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды деген күдікке ілінді.