Жақында некелескен жұпқа құтты болсын деп, жақындары мен тур компания Дубайға жолдама сыйлаған. Қазір әншілер Дубайда демалып жатқанын хабарлады. Әнші Ерке Есмахан жолдасымен ешкімнен тығылмай, емін-еркін жүре алатынына қуанатынын жеткізді.
"Мысалы, біз қол ұстасып әуежайға келдік. Бәрі қуана қарсы алып, құттықтап, сыйлап жатыр. Бұрын тығылып, біреу-міреу көріп қоймасын деп, екеуіміз екі жақта жүретін едік. Соны қазір ойлап, мәз болып, бөлісіп жатырмын", - деп жазды ол Instagram-дағы stories-те.
Оған қоса Ерке әншінің RaiM-мен қарым-қатынасын аңдып, елге ақпарат берген адамдарға алғысын білдірді.
"Екеуміздің махаббатымызды аңдып, елге жариялап берген жандарға рақмет айтқым келеді. Қандай ниетпен жасаса да, ол жоспарлар бізге тек жақсылық, бақыт алып келді. Арқамыздан жүк түсіп, қазір рахат өмір сүріп жатырмыз. Алланың да, халықтың да алдында емін-еркінбіз. Шүкір", - деп жазды ол.
Бұған дейін Ерке Есмахан келіндік өмірі мен ұлының RaiM-ға көзқарасы туралы айтып берген еді.
Ерке Есмахан мен RaiM (Райымбек Бақтыгереев) 20 қаңтарда шариғат бойынша мешітте некесін қиғанын хабарлады. Кейіннен RaiM қазақстандықтарға үндеу жасады. Ол халықтан хейтті тоқтатуды өтінді.