Осы орайда отандық медиада өкінішті тенденция байқалады: кейбір БАҚ өкілдері қайғылы оқиғалардың егжей-тегжейін, жантүршігерлік кадрларды ынталана таратуда.
Расында, бүгінгі отандық баспасөз қатыгездіктің, "саржағалдық" сарынның және әдепсіздіктің жаршысына айналғандай әсер қалдырады. Бәлкім бұл оқырмандардың сұранысымен және қаралым қуумен ақталатын шығар. Алайда, мұндай сұраныстар беріп жатқан ақпараттың әсерінен де туындауы мүмкін.
Журналист, Мәжілістің VIII шақырылым депутаты Сергей Пономарев адамдардың әрқашан жантүршігерлік оқиғалар туралы "ыстық" фактілерге қызығушылық танытатынын айтады. Алайда, оның ойынша, соңғы уақытта медиа қызметкерлерінің әдептің шегінен асып жататынын мойындау керек.
"Әрине, қарапайым, бейтарап материалдар жұртшылықты аз алаңдататыны анық. Бірақ, менің ойымша, журналистер ішкі этика бар екенін түсінбей жатады. Көрермендер мен оқырмандарға мұншалықты негативті беруге болмайды: кесілген бастар, кадрдағы адамдардың өлімі және т.б. Әсіресе, педофилияның құрбаны болған балаларды көрсеткендері қайғылы. Негізі, журналистерді ақпаратты бір қайтара тексеруге үйретеді, ал қазір жалған фактілердің шындықтың орнына берілуі жиі кездеседі, – деп атап өтті Пономарев."
Оның пікірінше, бұл орайда заңнамалық деңгейде қандай да бір қосымша цензуралауды енгізудің мәні жоқ – Қазақстанда онсыз да БАҚ туралы қатаң заң бар.
"Бұл мәселені ұжым ішінде тәрбиелеу арқылы шешуге болады. Аға журналистер жас буын әріптестеріне жұмыстың этикалық аспектілерін түсіндіруі қажет. Мұндай жұмыс жоғары оқу орындарындағы журналистика кафедраларында да жүргізілуі керек, – дейді депутат."
Медиа нарық қатігездікті жеңеді
Тағы бір танымал журналист Марат Әсіповтың пікірінше, цензурадан пайда жоқ, ал қалыптасқан жағдайды медиа нарықтың өзі реттейді.
– Бұл туралы бірнеше рет айтылды, әртүрлі этика кодекстері қабылданды, алайда, еш пайда бермейді. Егер сайттарды реттей бастасаңыз, онда жұртшылық әлеуметтік желіге өтеді. Екінші жағынан, біз қазір әлеуметтік желілердің әдепсіз, қатігездік сипаттағы контентке қатаң тыйым салып, пайдаланушыларды бұғаттап, үлкен қоғамдық парақшаларды жаба бастағанын көрудеміз.
Бүгінгі таңда ешқандай сайт әлеуметтік желілердегі парақшасыз өмір сүре алмайды. Ал озық әлеуметтік желілер қатыгез мазмұнды контентті бұғаттап, авторларға тыйым салады. Осылайша, БАҚ өз материалдарын әлеуметтік желілердің талаптарына сәйкестендіруге мәжбүр болады. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарының нарығы бәрін өзі реттейді деп сенемін, – деп атап өтті Әсіпов.
Цензурасыз болмайды!
Журналист Андрей Зубов бұл мәселеде әріптестерімен келіспейді. Оның пайымдауынша, сөзден іске көшетін уақыт жетті.
- Instagram және Facebook қатыгездік сипаттағы контент таратуға цензура енгізді, қазақстандық БАҚ-тың да осылай істейтін уақыты келген болар? Мұндай оқиғалар туралы үндемеуге болмайтыны түсінікті, бірақ, қаралым қуып, оларды ынталана таратудың керегі не? Мәселен, сол Facebook-тің өзі мені бір педофилды "көпшілік алдында жазалау" жөніндегі сөзім үшін бұғаттап тастады, мұны зорлық-зомбылыққа шақыру деп санады. Жалпы алғанда, бұл дұрыс.
Мысалы, қоғамдық орында балағат сөз айтқан үшін жаза күшейіп, қомақты айыппұл енгізілді. Неліктен онда бұқаралық ақпарат құралдарындағы балағат сөздерге тыйым салынбайды? Олар, тіпті, жарияланған роликтерінде бейәдеп сөздерді «дыбыспен басуды» тоқтатты, - дейді Зубов.
Сондай-ақ ол биыл Қазақстан Журналистика академиясының қолдауымен халықаралық дәрежеге шыққан жыл сайынғы Nevsky Award жүлдесін мысалға келтірді. Айтуынша, БАҚ өкілдеріне арналған байқау қазіргі сын-қатерлер жағдайында журналистикадағы гуманитарлық құндылықтарды жандандыруды көздейді. Өңіраралық келісім, мәдени және тарихи құндылықтар, халықтар арасындағы достық қарым-қатынас сияқты жарқын тақырыптарды көтереді.
Нейронды желі не дейді?
Бұл мәселеге қатысты тәжірибелі қазақстандық журналистердің түрлі пікірлерімен таныса отырып, соңғы уақытта танымал боп жатқан нейронды желінің де нұсқасын білуді жөн көрдік. Chat GPT-дің мәліметінше, бұқаралық ақпарат құралдарын қатігездік сипаттан арылтуға тек контентті тұтынушылардың өздері ғана қауқарлы.
«Бұқаралық ақпарат құралдарындағы жантүршігерлік контент көрермендердің қорқынышын тудырып, тіпті, жүйкесін зақымдауы ғажап емес. Алайда, мұндай контенттің таралуын тоқтату оңай емес, өйткені бұл сөз бостандығы мен баспасөз бостандығына қайшы келуі мүмкін. Бірақ бұл үрдіске шектеу қоюға көмектесетін бірнеше әдіс бар:
1. Редакциямен байланысып, қатыгездік сипаттағы контенттің жариялануына қатысты алаңдаушылығыңызды білдіріңіз. Бәлкім, олар өтінішіңізді тыңдап, болашақта бұл мәселеге мұқият қарайды.
2. Егер белгілі бір бұқаралық ақпарат құралының қатыгез контентті жиі жариялайтынын байқасаңыз, оған қарсы компания ұйымдастыруға болады. Мысалы, мұндай контентті азайтуға шақыратын петиция жасап, әлеуметтік желілерде бөлісу.
3. Бұқаралық ақпарат құралдары көрерменге қызықты нәрсені жариялауға бейім екенін түсіну маңызды. Егер зорлық-зомбылыққа қатысты контент үлкен сұранысқа ие болса, оны жариялауды жалғастыра береді. Демек, сұранысты азайту арқылы ондай материалдарға шектеу қоюға болады.
4. Сондай-ақ зорлық-зомбылық туралы контент жарияламайтын медиаларды көп көріп, оларға қолдау білдіру қажет. Бұл басқаларын ойландыруы мүмкін.
5. Егер сіз белгілі бір контентті заңсыз немесе моральдық нормаларды бұзады деп санасаңыз, құқық қорғау органдарына шағымдана аласыз.
Алайда, мұндай шағымдар фактілерге негізделген болуы керек»,-делінген жасанды жадының мәліметінде.
Жалпы, бүгінгі таңда ұятсыздыққа, сорақылыққа, қатігездікке толы контент желіде күн санап артып келеді. Және де олар өсіп келе жатқан жас ұрпақтың санасын улайтыны сөзсіз.
Жақында Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай осы мәселеге байланысты алаңдаушылығын білдіріп, кәмелетке толмаған қазақстандықтарға TikTok пайдалануға тыйым салуды ұсынды. Ол танымал әлеуметтік желінің жасөспірімдерді қатыгез ететініне сенімді.