"Дарын" жастар мемлекеттік сыйлығына кімдер үміткер бола алады

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын беру қағидасын әзірледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығы дарынды жастарды жемісті ғылыми, шығармашылық, қоғамдық қызметі, сондай – ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін мемлекеттік қолдау мақсатында мемлекеттік жастар саясаты мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен номинациялар бойынша жыл сайын беріледі.

Сыйлықтың ақшалай сыйақысының мөлшерін жыл сайын уәкілетті орган  белгілейді.

Сыйлық алуға өтінімдер қабылдау аяқталған кезде 35 жасқа толмаған, халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдер мен көрмелердің лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейлердегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ қызметі инновациялық болып табылатын және тиісті сала мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал ететін кандидаттар үміткер болады.

Сыйлық бір уақытта әр номинация бойынша 2 ізденушіге беріледі. Сыйлықты бір уақытта 2 үміткерге берген кезде әр номинация бойынша оның ақшалай бөлігі олардың арасында тең бөлінеді.

Сыйлықты қайта беруге жол берілмейді. Бiр кандидатураны бiр номинациядан артық сыйлық алуға ұсынуға болмайды.

Сыйлық авторлар ұжымына берiлсе, оның ақшалай бөлiгi олардың мүшелері арасында тең бөлiнедi.

Сыйлық алуға кандидатуралар ұсынуды орталық, жергiлiктi және өзге де мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер мен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген өзге де заңды тұлғалар жүргiзедi.

Сыйлық мемлекеттік жастар саясаты саласындағы уәкілетті органның жанынан арнайы құрылған "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын беру жөніндегі комиссияның шешімі негізінде беріледі.

Сыйлықты тағайындау тәртібі

Сыйлық алуға өтінімдерді қабылдау туралы хабарландыру өтінімдерді қабылдау мерзімі басталғанға дейін кемінде 2 ай бұрын уәкiлеттi органның интернет-ресурсында орналастырылады.

Сыйлық алуға өтінімдерді қабылдау бұл туралы хабарландыру жасалған кезден басталады және сыйлықтар салтанатты жағдайда тапсырылғанға дейін 2 ай бұрын тоқтатылады.

Орталық, жергiлiктi және өзге де мемлекеттік органдар, қоғамдық бiрлестiктер және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген өзге де заңды тұлғалар уәкiлеттi органға мынадай құжаттарды қағаз және электрондық түрде жібереді:

Уәкiлеттi орган сыйлық алуға ізденуші бойынша келіп түскен құжаттарды қабылдап, бір күн мерзімде тіркейді.

Бірінші кезеңде жан-жақты қарау мақсатында Комиссия мүшелерінен  мынадай бағыттар бойынша 6 секция құрылады: "Эстрада, классикалық музыка, халық шығармашылығы", "Әдебиет, театр және кино", "Журналистика және қоғамдық қызмет", "Спорт", "Дизайн және бейнелеу өнері", "Ғылым".

Екiншi кезеңде – Комиссия сыйлық беру туралы шешiм қабылдайды.

Сыйлыққа ие болған адамдарға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атағы беріледі, диплом, төсбелгі және ақшалай сыйақы тапсырылады.

Құжат 3 мамырға дейін ашық талқылау үшін Ашық НҚА сайтында жарияланды.


Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: