Оның айтуынша, картаны енгізудің мақсаты тарихи отанмен байланысты нығайту, ұлттық дәстүрлерді сақтау, Қазақстанда олардың әлеуетін іске асыру үшін елге кәсіпқойлар мен табысты бизнесмендерді тарту болып табылады.
"Сондай-ақ, "Ата жолы" картасының иегерлері елге кірген кезде 10 жыл мерзімге тұруға рұқсат алады", – деді Испанов.
Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында этникалық қандастардың көші-қон саясатын түбегейлі өзгертуді тапсырды.
Осыған байланысты шетелде тұратын этникалық қазақтарға қандас мәртебесін алудың жаңа тетігін енгізуді көздеп отыр.
"Біздің отандастарымыз жақын және алыс шет елдерде тұрғанына қарамастан, Сыртқы істер министрлігінің шетелдегі мекемесі арқылы елге кіруге құжаттар тапсыруы тиіс. Өз кезегінде, бұл жаңа тетік елге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері және Қазақстан аумағына кірмей қандас мәртебесі туралы мәселені шешуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда бұл тетік өз жемісін беруде, яғни республиканың шетелдегі мекемесі арқылы Түркіменстанда тұратын этникалық қазақтардан 505 өтініш (156 отбасы) қабылданып, тиісті визалар берілуде", – деді комитет төрағасының міндетін атқарушы.
Айта кетсек, Қазақстанда 291 босқын, 862 пана іздеуші адам тіркелгені хабарланған болатын.