Қазақстан аумағында мысық алғаш рет қашан қолға үйретілді?

Мысықтар үй жануары ретінде Қазақстан аумағында отырықшы халық үлесінің өсуімен салыстырмалы түрде жақында пайда болды деп есептелген. Алайда, ғалымдар үй мысықтарының мың жылдан астам уақыт бұрын Орталық Азия көшпенділерімен бірге өмір сүргеніне сенімді.

Жалпы, ғылыми тұжырымдамаларға сәйкес, мысықтарды қолға үйрету шамамен 10 000 жыл бұрын адамдар аң аулау мен терімшіліктен егіншілікке және отырықшы өмір салтына көшкен кезде басталған. Бірақ, бұл процестің нақты қалай жүргізілгені осы уақытқа дейін әлі белгісіз.

Дүние жүзіндегі ғалымдар әлі күнге дейін бұл мәселеде ортақ пікірге келген жоқ. Жыл сайын жаңа деректер ашылып, ғылыми жаңалықтар пайда болуда. Мәселен, Science журналында адамдардың шамамен 12 мың жыл бұрын мысықты қолға үйреткені туралы зерттеу пайда болды.

Авторлар 79 үй мысығы мен олардың жабайы арғы аталарының гендер жиынтығының талдауына сүйеніп, қазіргі мысықтардың барлығы Felis silvestris (орман мысығы) тұқымынан шыққан деген қорытындыға келді. Орталық Азияда бұл жануар дала мысығы деп аталады. Felis silvestris lybica-ны қазірдің өзінде Африка мен Азияның, оның ішінде Орталық Азияның дала, шөлді және ішінара таулы аймақтарында, Солтүстік Үндістан мен Күнгей Кавказда кездестіруге болады. Қазіргі барлық мысықтардың дәл осы тұқымнан шыққаны анықталды.

Алайда, жабайы мысықтар ежелгі уақытта Ирак, Израиль және Ливан аумақтарындағы Тигр және Евфрат өзендерінің бойында және Таяу Шығыста қолға үйретілген. Сондай-ақ ғалымдар басқа нұсқаларды да жоққа шығармайды, олардың арасында Кипр, Левант және жақында өте ежелгі үй мысықтарының қалдықтары табылған Қытай бар.

Ал Орталық Азияда түркі халықтарының мысықтарды қалай асырағаны жөнінде жиі пікірталас туындайды. Әрине, мысықты үй жануары ретінде асырау көшпенділердің өмір салтына сәйкес келмейтіндей көрінеді. Мәселен, егіншілікпен айналысатын диқандар үшін мысық асыраудың пайдасы түсінікті – олар шаруашылықты кеміргіштерден қорғап, сол арқылы өздеріне де азық табады.

Алайда, Алтай түріктерінің тасқа қашалған суреттерін, атап айтқанда, Қалбақ-Таш жартасының петроглифтерін қарасақ, мысықты көруге болады.

Сурет: wikivoyage

Ал ғалымдардың 2020 жылы ашқан жаңалығына сәйкес, жергілікті көшпенділер мысықты үй жануарлары ретінде мың жылдан астам уақыт бұрын да асыраған. Қазақстанның оңтүстігінде біздің заманымыздың IX ғасырында, Орталық Азия далаларында ауыл шаруашылығы таралғанға дейін жергілікті көшпенділерде үй жануарлары болған мысықтың қалдықтары табылды. Оның сипаттамасын Scientific Reports ғылыми журналы жариялады.

«Бұл мысықтың сүйектері бірнеше рет сынған, бірақ аман қалған. Сүйектеріндегі изотоптардың концентрациясына қарасақ, оның диетасы жергілікті иттерге қарағанда айтарлықтай жақсы болды», – дейді зерттеу авторларының бірі Галле-Виттенберг университетінің (Германия) археологы Эшли Гаруда.

Қазба жұмыстары Қазақстанның оңтүстік-батысындағы Жанкент қаласы аумағында жүргізілді. Оның қатысушылары – Германия, Ресей және Қызылорда мемлекеттік университеті археологтарының пайымдауынша, аталған олжа бұл аймақта мысықтар жақында пайда болды, өйткені көшпенділерге мұндай үй жануарлары қажет емес еді деген бұған дейінгі тұжырымдарды жоққа шығарады.

Орта ғасырлардың басында бұл қала Ұлы Жібек жолындағы өткелдердің бірі болған. Мұнда оғыз тайпалары мен оларға туыс түркі тектес көшпенділер өмір сүрген.

Археолог Эшли Гаруда атап өткендей, оның командасы Жанкент аумағында мысықтың толық қаңқасын тапқан, мұнжай олжа өте сирек кездеседі. Бұл жаңалыққа қызығушылық танытқан ғалымдар радиокөміртекті талдау арқылы мысықтың жасын есептеп, сүйектерінен ДНК үлгісін алып, оны жан-жақты зерттеді. Зерттеулер қаңқаның Қазақстан даласы мен басқа да іргелес аймақтарда мекендейтін манулдар (сабаншы мысық) сияқты мысық тектестердің бір түріне емес, нағыз үй мысығына тиесілі екенін растады. Оның жасы ортаазиялық үй мысықтары үшін рекордтық көрсеткіш – 1100-1200 жас аралығын құрады.

Ғалымдар бұл жануарды VIII ғасырдағы көшпенділерде Ұлы Жібек жолы мен егінші халықтармен көрші тұруына байланысты пайда болды деп болжайды. Олардың пікірінше, оғыздар экзотикалық жануарды көрші қалаларға сапарлары барысында немесе саудагерлермен алыс-беріс кезінде көріп, сатып алып, үйлерінде қызықтап асыраған.

«Бұл Орталық Азиядағы мәдени алмасу біз ойлағаннан әлдеқайда ертерек басталғанын көрсетеді», – деп қорытындылады Гаруда және оның әріптестері.

Уақыт өте келе қазақтардың бір бөлігі көшпелі өмір салтын тоқтатып, көпшілігі егіншілікпен айналысты. Сол кезде мысық асырау қажеттілігі айқын болды – жануар қоралар мен қоймаларды кеміргіштерден тазартты.

Исламның қазақ даласына келуімен пайғамбарлар мысықтарды жақсы көрді деген наным-сенім пайда болды. Мысалы, бір күні Дәуіт пайғамбардың шапанының етегінде мысық тәтті ұйқыда жатқан. Пайғамбар жүруі керек болып, бірақ сүйікті жануарын оятпау үшін шапанның етегін кесіп тастаған. Тағы бір наным бойынша, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) Ухуд жорығы кезінде мысығы Муизаның марғауларын емізіп жатқанын көріп, сарбаздары оларды таптап кетпесін деп, бағытты өзгерткен.

Осылайша, исламда мысыққа деген құрмет әрдайым жоғары болса, христиандықтың әртүрлі тармақтарында бұл жануарға деген көзқарас өзгеріске ұшырап отырған. Мысалы, православиеде барлық жануар Құдайдың жаратылысы деп саналғандықтан, оларға мейірімділікпен қарау міндет.

Алайда, ортағасырлық католиктерде мысықтар қудаланып, күпірлік нанымдардың атрибутына жатқызылған. Инквизиция оларды шайтан күштерінің көрінісі деп санады.

Дегенмен, мысықтың мешітке де, шіркеуге де еркін кіре беруіне рұқсат етілген жалғыз жануар екендігі көп нәрсені білдірсе керек.


Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: