Ерлан Қошанов ҰҚШҰ ПА Кеңесінің кезекті отырысына қатысты

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған делегация Минскіде өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің кезекті отырысына қатысты.

Жиында сөз сөйлеген Ерлан Қошанов Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалар мен Мәжіліс сайлауының қорытындылары туралы мәлімет берді. Ол ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының мониторингтік миссиясы құрамында сайлауды бақылауға өз өкілдерін жібергені үшін қатысушы елдер парламенттеріндегі әріптестеріне ризашылығын білдірді.

Мәжіліс спикері ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы өзін өңірлік және халықаралық сипаттағы өзекті мәселелер талқыланатын, модельдік заңдар әзірленетін тиімді парламентаралық диалог алаңы ретінде көрсете алғанын атап өтті. Ерлан Қошанов Кеңес отырысына қатысушылардың назарын өңірдегі биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне аударды.

Сурет: Мәжілістің Баспасөз қызметі, Ж.Жұмабеков

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ шеңберінде Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастама көтергені белгілі. Осы бағытта біраз жұмыс атқарылуда. Біздің бастамамыз халықаралық қоғамдастық, соның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымындағы әріптестеріміз тарапынан қолдау табатынына сенімдімін, – деді Ерлан Қошанов.

Делегация басшылары Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен кездесті.

Сурет: Мәжілістің Баспасөз қызметі, Ж.Жұмабеков

Сондай-ақ сапар аясында бірқатар екіжақты кездесу өтті.

Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысы Өкілдер палатасының төрағасы Владимир Андрейченкомен жүздесуде Мәжіліс спикері парламентаралық өзара іс-әрекет Қазақстан-Беларусь қарым-қатынасының маңызды бағыты екенін атап өтті.

Сурет: Мәжілістің Баспасөз қызметі, Ж.Жұмабеков

Біздің парламенттеріміз екі ел басшыларының уағдаластықтарын белсенді іске асыруға атсалысуы керек. Біз Парламентаралық одақ, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, ҰҚШҰ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның Парламенттік ассамблеялары аясындағы өзара іс-әрекетімізді одан әрі нығайтуға ниеттіміз, – деді Ерлан Қошанов.

Сурет: Мәжілістің Баспасөз қызметі, Ж.Жұмабеков

Сонымен қатар, Мәжіліс төрағасы ҰҚШҰ ПА Кеңесі алаңында Тәжікстан Республикасы Парламентінің төрағасы Махмадтоир Зокирзодамен және Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеш спикері Нұрланбек Шакиевпен кездесті.



Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: