Мемлекет басшысы Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарьяны қабылдады

Кездесу барысында Мемлекет басшысына Ұлттық ғылым академиясының қызметі мен жоспары жөнінде есеп берілді. Сондай-ақ ғылым саласына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа мәртебеге ие болған Ұлттық ғылым академиясы отандық ғылымды дамыту ісінде негізгі рөл атқаруға тиіс екенін атап өтті.

Президенттің пікірінше, мемлекеттің ғылыми-технологиялық және экономикалық саясаты арасындағы өзара байланыстың нығаюына баса мән бере отырып, ғылымды дамытудың жаңа тәсілдерін қолдану керек.

Президент отандық ғылымды дамыту үшін мемлекет қажетті жағдай жасап жатқанына назар аударды. Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес жұмыс істейді. Зерттеу жұмыстарын қаржыландыру көлемі айтарлықтай артып, қаржыландыру тетіктері жетілдірілді. Бұл ретте Мемлекет басшысы қаржыландырылып жатқан ғылыми жобалардың өзекті әрі сұранысқа ие болуы, сондай-ақ экономиканың нақты секторларында іс жүзінде қолданылуы маңызды екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы ҰҒА президенті Күнсұлу Закарьяға талантты әрі жас ғалымдарды ғылыми ортаға тарту жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми интеллигенцияның елімізді дамытуға елеулі үлес қосатынын атап өтіп, Ғылым академиясы президентінің жауапты қызметіне табыс тіледі.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: