Алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселелері жөнінде кеңес 1 шілде күні өтті, деп мәлімдеді ҚР Премьер министрінің баспасөз қызметі. Үкімет басшысы бүгінде дайындық жұмыстарының барысында өте мұқият қарауды қажет ететін проблемалық мәселелер туындап жатқанын айтты.
"Бұл мәселені біз жақында өткен Үкімет отырысында талқыладық. Дегенмен өзара үйлесімді, бірлескен іс-қимылды бұдан да күшейту қажет. Сондықтан осы жұмыстардың барлығын тағы да мұқият қарап, тікелей шешім қабылдаймыз", – деді Әлихан Смайылов.
Премьер-министр "Атырау ЖЭО" АҚ-да №12 турбина өткен жылдан бері жөндеуде тұрғанын, ал №6 турбинада күрделі жөндеу жұмыстары әлі басталмағанын атап көрсетті. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов осы мәселе бойынша түсініктеме берді.
Оған қоса Қарағанды облысындағы ЖЭО-да жөндеу жұмыстарының түрлері өзгеріп, мерзімдері ұзартылса, Маңғыстау облысында жекелеген қазандықтар мен турбиналарда жүргізіліп жатқан жұмыстардың кешігіп жатқаны, сондай-ақ "МАЭК" ЖШС-нің №2 энергетикалық блогын жөндеуге келісім-шарт жасалмағаны, Ұлытау облысы Жезқазған ЖЭО-сындағы қазандықты жөндеу 2024 жылға шегерілгені және №8 қазандықты күрделі жөндеу мерзімдерін ауыстыруға байланысты тиісті резерв қамтамасыз етілмегені айтылды. Өңірлер әкімдері Ермағанбет Бөлекпаев, Нұрлан Ноғаев және Берік Әбдіғалиұлы қабылданып жатқан шаралар туралы түсініктеме берді.
Әлихан Смайылов СҚО-да "Севказэнерго" АҚ-ның 2-ші ЖЭО-сындағы №9 қазандыққа жөндеу жүргізіліп жатқанын, ал Түркістан облысында Кентау ЖЭО-сының 4 қазандығын күрделі жөндеу жоспарланғанын, алайда бұл ретте ЖСҚ әлі де мемлекеттік сараптамадан өту сатысында екенін атап өтті.
"Атап айтқанда, ЖЭО және желілер иелерімен тікелей, тығыз жұмыс жасау маңызды. Мемлекет тарапынан станциялардың өтінімдеріне сәйкес тарифтер бекітілді. Бұл қаржыландыруды тартуға және жаңғырту жұмыстарын бастауға мүмкіндік береді", – деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ Үкімет басшысы энергетика саласын бақылауды күшейтудің және тиісті өңірлік штабтар жұмысының маңызын атап өтті. Кеңес соңында ол бірінші вице-премьер Роман Склярға және энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке кестеге сәйкес жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын жеке бақылау үшін республиканың энергетикалық нысандарын тексеруді тапсырды.