Биыл 595 мың теңге, 2027 жылы 770 мың теңге – жүктілік пен босануға байланысты төлем қалай есептеледі
Фото: unsplash
Төлем кімге тағайындалады және оған қашан өтініш беруге болады
Төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын, жұмыс берушісі әлеуметтік аударымдар төлеген әйелдерге тағайындалады. Әлеуметтік аударымдарды өзі үшін төлеген жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын әйелдер де осы төлемді ала алады.
Төлем жүктіліктің 30-аптасынан бастап рәсімделетін еңбекке уақытша жарамсыздық парағы негізінде тағайындалады. Әйел осы құжат берілген күннен бастап 12 ай ішінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төлем алу үшін өтініш бере алады.
Төлем мөлшері қалай есептеледі?
Жүйе біржолғы төлемнің мөлшерін есептегенде екі көрсеткішті автоматты түрде ескереді.
Біріншісі – әйелдің орташа айлық табысы. Ол жүктілік пен босануға байланысты демалысқа шығар алдындағы 12 айда әлеуметтік аударымдар төленген табыс негізінде есептеледі. Есепке алынатын айлық табыс ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінен аспайды. 2026 жылы бұл шек – 595 мың теңге.
Екіншісі – демалыстың ұзақтығы. Қолданылатын коэффициент еңбекке уақытша жарамсыздық парағында көрсетілген күн санына байланысты. Босану қалыпты өтсе, 126 күнге 4,2 коэффициенті қолданылады. Босану асқынған жағдайда немесе екі не одан көп бала дүниеге келсе, демалыс 140 күнге созылып, коэффициент 4,67 болады.
Ядролық сынақ аймақтарында тұратын әйелдер үшін жоғары коэффициенттер қолданылады.
Егер босанғаннан кейін асқынулар туындаса, қор қосымша 14 күнге берілген еңбекке уақытша жарамсыздық парағы негізінде төлем мөлшерін автоматты түрде қайта есептейді.
Жұмыс беруші қандай жағдайда қосымша ақы төлей алады?
Егер әйелдің нақты жалақысы әлеуметтік төлемді есептеуге алынатын айлық табыстың шегінен асып кетсе, айырмасын жұмыс беруші өтей алады. Бұл шек ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшеріне тең. 2027 жылы ең төменгі жалақының өсуіне байланысты есепке алынатын айлық табыстың шегі 770 мың теңгеге дейін көтеріледі.
Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс беруші еңбек шартында немесе ұжымдық шартта әлеуметтік төлем мен қызметкердің толық орташа жалақысы арасындағы айырманы өтеуді қарастыра алады.
Төлемді қалай рәсімдеуге болады?
Табыс туралы анықтама жинаудың қажеті жоқ. Жүйе еңбек өтілі мен әлеуметтік аударымдар туралы барлық мәліметті мемлекеттік дерекқорлардан алады.
Электрондық еңбекке уақытша жарамсыздық парағы рәсімделгеннен кейін ақпараттық жүйе әйелдің төлем алуға құқығы бар-жоғын автоматты түрде тексереді. Содан кейін болашақ ананың телефонына төлемді тағайындауға келісім беру туралы SMS-хабарлама жібереді.
Сондай-ақ өтінішті eGov.kz порталы немесе екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы онлайн беруге болады. Бұған қоса, ХҚКО-ға жүгінуге болады.
Бұған дейін, 18 қарашада, қазақстандықтарға "Әлеуметтік төлемдерден ерікті түрде бас тарту" қызметі туралы толығырақ түсіндірілген еді.