Марал Рахымжанованың айтуынша, бүгінгі таңда зардап шеккендердің саны 92-ден 100 адамға дейін өсті.
"100 адамның 58-і ауруханаға жатқызылды, Кентау қалалық инфекциялық бөлімшесіне 50 адам түсті (17-сі үйіне шығып үлгерді), сегізі Түркістандағы орталық аурухананың инфекциялық бөлімшесіне жатыр. Науқастардың жағдайы - орташа ауырлық деңгейінде. 25 адам амбулаториялық жағдайда ем-дом қабылдауда", - деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Марал Рахымжанова.
Эпидемиологиялық сауалнама кезінде барлық зардап шеккендер өздерінің улануын "Ризық Рауана" дәмханасынан сатып алынған тағамды тұтынумен байланыстырады. Жүздеген адамның улануына себеп болуы мүмкін өнім - тауық еті.
"Зертханалық зерттеу үшін барлық өнімдер – дайын тағамдар мен шикі өнімдер алынып қойды. Қызметкерлер де тексерілді. Бүгінгі таңда алты қызметкерден сары стафилококкты тасымалдаушы анықталды. Олар - аспазшы, курьер, ыдыс жуушы және даяшылар", – деді Марал Рахымжанова.
Қазір дәмхана жұмыс істеп жатқан жоқ, тергеу жалғасуда. Кентаудың бас санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша медициналық кітапшалары жоқ болғаны үшін сегіз қызметкер жұмыстан шеттетілді.
Бір қызығы, 2022 жылы осы дәмханада жаппай уланудың екі жағдайы тіркелген. Біріншісі - тамызда, ол кезде сегіз адам уланды. Бірақ бұзушылық үшін дәмхана иесі тек айыппұлмен құтылып кеткен.
Бір айдан кейін, қазан айында тағы 168 адам уланып, ауруханаларға жүгінді. Қылмыстық іс қозғалды, тіпті сот болды, бірақ тараптардың татуласуы негізінде іс тоқтатылған.
"Іс жүзінде 168 адам зардап шекті, ал қылмыстық іс тергеушінің өтініші бойынша, зардап шеккен сегіз адамның өтінішін қайтарып алу негізінде жабылды. Яғни, 160 азаматтың пікірі ескерілмеген. Осы факті бойынша Түркістан облысының СЭК департаменті құқықтық бағалау үшін құжаттарды прокуратураға жолдады", - деді ол.
27 маусымда Кентаудағы дәмханалардың бірінде жаппай тамақтан улану фактісі орын алды. 28 маусымда қалалық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады.
29 маусымда 92 адам зардап шеккені белгілі болды.