Досаев Алматының Медеу ауданындағы су мәселесін шешуге уәде берді

Алматы әкімі Ерболат Досаев 28 қыркүйекте қала тұрғындарымен кездесуінде Медеу ауданындағы су тапшылығы мәселесін қалай шешетіндерін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Әкімнің айтуынша, Каменское үстірті, Көлсай, Мұзтау ықшамаудандары, сондай-ақ "Юбилейный" шағынауданының тұрғындарын тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін қазіргі таңда екі жаңа су көзі, төрт құдық пен су қоймалары салынуда.

"Желтоқсан айының соңына дейін құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Жобаны жүзеге асыру Каменское үстірті, Көлсай, Мұзтау және Юбилейный шағын аудандарының 20 мыңнан астам тұрғынын үздіксіз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деді Ерболат Досаев.

Сондай-ақ сәуір айында жалпы ұзындығы 46 шақырымды құрайтын су құбыры және кәріз желілерінің құрылысы басталды. Көлсай, Кеңсай ықшамаудандары мен Халиуллина көшесі бойындағы жұмыстарды аяқтау қараша айына жоспарланған.

"Шілде айында Нұрмағамбетов, Р.Бағланова, Орманов көшелері мен Т.Бигелдинов көшесінің бір бөлігінде және "Компот" шағын ауданында жұмысты бастадық. Жұмыс биыл аяқталады. Бірінші деңгейлі жол төсемін жасаймыз. Толық қалпына келтіреміз. Жолдар келесі көктемде", – деді Ерболат Досаев.

Әкімнің айтуынша, қалған көшелердегі жұмыстар 2024 жылдың шілде айында аяқталады. "Думан" шағын ауданындағы екі жоба бойынша (жалпы ұзындығы 14 км су құбыры және кәріз желілерін салу) және "Сұлусай" шағын ауданында жалпы ұзындығы 17 км екі ұңғыма, су құбыры және кәріз желілерінің құрылысы мемлекеттік сараптамадан өтті, оң қорытындылар шығарылды. 

"Думан" шағын ауданындағы жұмыстар қазан айында басталады. "Сұлусай" шағын ауданында ұңғымалардың құрылысы конкурстық процедуралардан кейін қараша айында басталып, желілерді тарту 2024 жылға жоспарланған.

Қала басшысы "Алатау" ықшамаудандары мен Малая Станица ауданында (32 көшеде) желтоқсан айында су құбыры және кәріз желілерінің құрылысына сараптама жүргізілетінін айтты.

Шілде айында Алматының тау етегіндегі аудандарының бір бөлігі сусыз қалды. Бірнеше аптадан бері тұрғындарға көлікпен су жеткізіліп жатыр.

Бұған дейін әкім Алматыдағы суды тұтыну нормалары мен тарифтерін қайта қарауды ұсынған болатын.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: