Еңбек министрлігінің хабарлауынша, "Мессенджерлерде және әлеуметтік желілерде "Жастар" бағдарламасы бойынша әлеуметтік көмек тағайындауға бөлінген қаражат туралы таратылған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді".
"Мессенджерлерде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – Еңбекмині) атынан "Жастар" бағдарламасы бойынша 35 жасқа дейінгі азаматтарға әлеуметтік көмек тағайындау туралы жалған ақпарат таратылуда. Белгісіз адамдар тағайындалған қаражатты аудару үшін телефон нөмірге қоңырау шалуды немесе сілтемені басуды ұсынады", – делінген 2023 жылдың 27 қарашасындағы хабарламада.
Еңбекминінің қызмет бағыты бойынша аталған бағдарлама да, әлеуметтік көмектің мұндай түрі де жоқ екенін хабарлаймыз.
"Тиісінше, хабарламада көрсетілген нөмір немесе сілтеме алаяқтар үшін азаматтардың жеке деректерін алу тәсілі болуы мүмкін. Алаяқтармен өзара әрекеттесуді болдырмау үшін сілтемеге өтпеуге және көрсетілген нөмірге қоңырау шалмауға кеңес береміз." Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі
Мемлекеттік қолдаудың тиісті шаралары туралы ресми ақпарат тек қана 1414 нөмірінен СМС-хабарламалар арқылы таратылады.
Азаматтардан тек ресми көздердегі ақпаратты пайдалануын сұраймыз.
Жалған ақпарат тарату заңмен жазаланатынын естеріңізге саламыз.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес жалған ақпарат тарату:
- ең аз: бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру;
- ең жоғары: үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру.
2023 жылдың 22 қарашасында Қазнетте "төлемдер бойынша жаңа қаулы" туралы видеоның белсенді түрде таралып жатқаны хабарланды. Онда Қазақстанның әрбір тұрғыны 150 мың теңге өтемақы алуға құқығы бар делінген. "Төлемдер туралы қаулы" туралы Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының ресми сайттарында да, БАҚ-та да ақпарат жоқ болғандықтан, "таратылып жатқан хабарламаға сенудің қажеті жоқ" дейді мамандар.