"Құрметті Форумға қатысушылар! Баршаңызды "Болашақ" халықаралық стипендиясының белгіленгеніне 30 жыл толуымен құттықтаймын! Бұл – Қазақстанның әр түкпіріндегі дарынды жастарға жол ашқан теңдессіз бағдарламаның мерейлі белесі. Осы бірегей жоба мемлекетімізде озық ойлы әрі білікті кадрлар резервін қалыптастыруға зор септігін тигізді. "Болашақ" бағдарламасының мыңдаған түлегі бүгінде түрлі саладағы оң өзгерістің жаршысы болып, еліміздің игілігі үшін табысты еңбек етіп жүр." Президент
Сонымен қатар президент қазір Қазақстанды өркендете түсу үшін тың серпіліс қажет екенін баса айтты.
"Біздің алдымызда ел экономикасының құрылымын қайта түзу, саяси жүйені одан әрі жаңғырту және шын мәнінде әділетті әрі инклюзивті қоғам қалыптастыру сияқты ауқымды міндеттер тұр. Осы орайда білім беру саласына инвестиция салу және азаматтардың өз әлеуетін толық пайдалануына мүмкіндік жасау өте маңызды." Мемлекет басшысы
Мемлекет адал азаматқа тән қасиеттерді бойына сіңірген дарынды, еңбекқор, талапты жастарды әрдайым қолдайды.
"Болашақ" бағдарламасының түлектері ғана емес, еліміздегі барлық жас мамандар Қазақстанды жан-жақты жаңғырту жолындағы келелі іске өз үлесін қосады деп сенемін. Баршаңызға бақ-береке, толағай табыс тілеймін! Қасым-Жомарт Тоқаев