Елорда әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, "Culture and Art Association" жеке кәсіпкерлігі ұйымдастырған іс-шараға желтоқсандық ардагерлер, мәслихат депутаттары, тарих мамандары мен студенттер қатысты.
Профессор, желтоқсаншы Жангелді Шымшықов жиынды ашып, қатысушылар алдымен осы оқиға кезінде қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Тіл маманы, қоғам қайраткері Болат Төлепбергенұлы "Желтоқсан-1986: ұлт тәуелсіздігінің басы, кеңес империясы зұлымдығының көрінісі" тақырыбында, Жангелді Шымшықов "Қазақстандағы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің себептері мен салдары" тақырыбында баяндама жасады. Ал желтоқсаншы Құрманғазы Рахметов "Нағыз желтоқсан" қоғамдық қорының жұмысы жайлы айтып берді.
"Астана қаласы әкімдігі қаншама жылдан бері көтеріп жүрген мәселелерімізді бір уақытта шешіп, жылдық жоспар жасады. Яғни тек қараша мен желтоқсан айында ғана емес, жыл бойы жастарға тәрбиелік мәні бар іс-шаралар өткізуімізді қолдады. Сол үшін әкім орынбасары Есет Байкенге, Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұхановқа алғысымыз шексіз", – деді Құрманғазы Рахметов.
Оның айтуынша, қала әкімдігі "Нағыз желтоқсан" ҚҚ-мен бірлесіп іс-шараларды дайындау және өткізу жоспары бекітілген. Сол жоспарға сай, биыл желтоқсан айынан бастап, алдағы жылда да, Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың бастамашыл топтарымен кездесулер өткізу, елорда аудандары әкімдіктерінен желтоқсаншыларды алғыс хатпен марапаттау мәселесін қарастыру, қаланың барлық білім беру ұйымында "Желтоқсан-1986: азаттық рухы және отаншылдық құндылығы" атты стендтер рәсімдеу, бірқатар желтоқсаншыға үй алып беру мәселесін шешу көзделіп отыр.
Сондай-ақ Желтоқсан оқиғасына қатысушылар туралы деректі фильмдер түсіріп, медициналық тексеруден өту үшін емханалардың бірінде оларды бекіту мәселесі қарастырылады. Түрлі ресми мерекеде олармен кездесу өткізіп, дөңгелек үстелдер, басқа да маңызды іс-шаралар ұйымдастыру аталған жоспарда бекітілген.