Қазақстандықтар жол-көлік оқиғаларын жаңа әдіспен тіркейтін болады

Қазақстанда 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеңіл жол апатына ұшыраған жүргізушілер полиция мен соттың қатысуынсыз жеңілдетілген тәртіпте сақтандыру шағымын бере алады, деп хабарлайды Zakon.kz.

ІІМ баспасөз қызметі берген ақпаратқа сай, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтар ұсақ жол-көлік оқиғалары кезінде полицияның және соттың қатысуынсыз жеңілдетілген тәртіпте сақтандыруды ресімдей алады. Бұл үшін мемлекет "Еурохаттама" арнайы мобильді қосымшасын әзірледі.

Қосымшаның көмегімен жүргізушілер өздері жол-көлік оқиғалары фактісін тіркеп, сақтандыру компанияларына материалдық залалды өтеуге өтінім береді.

"Еурохаттама" арқылы жол-көлік оқиғаларын ресімдеудің міндетті үш шарты бар:

  1. Жол-көлік оқиғасына екі көлік құралы ғана қатысқан кезде;
  2. Жүргізушілердің қолданыстағы сақтандыруы болуы қажет. Сондай-ақ кім кінәлі, ал кім зардап шегуші екенінде келіспеушіліктер болмаған кезде;
  3. Апат салдарынан денсаулыққа залал келтірілмесе, ал көлікке келтірілген шығын сомасы 100 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, ол 369 мың теңге.
"Осындай тәртіпте жол-көлік оқиғасын ресімдеу үшін мобильді телефонға "Еурохаттама" қосымшасын қосып алып, тіркелу рәсімін жүргізіп, оқиғаның фото және бейнематериалдарын салу керек. Қосымшаны тиімді пайдалану мақсатында жол-көлік оқиғасының қатысушылары жақын жердегі полиция нарядына жүгіне алады, олар оны пайдалану кезінде көмек көрсетеді." Қуаныш Тілекбаев

"Еурохаттаманың" артықшылығы неде:

  1. Азаматтар ұсақ жол-көлік оқиғаларын ресімдеу үшін полицияны күтпейді, осылайша жолдардағы кептеліс жағдайлары төмендейді.
  2. Жеңілдетілген тәртіппен тіркелген жол-көлік оқиғасы кезінде жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.
  3. Сақтандыру төлемдерінің мерзімі қысқарады. Егер бұрын осының бәрі 30-дан 90 күнге дейін уақытты алса, қазір хаттама тіркеу сәтінен бастап төлемді алуға шамамен бес күн кетеді.
"Жүргізушілерді жол жүрісі қағидаларын сақтауға және жол-көлік оқиғаларын болдырмауға шақырамыз", – деді ҚР ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Қуаныш Тілекбаев.


Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: