Бұл індет қазір Қарағанды облысының 4 елдімекенінде белең алып, ауылдар карантинге жабылды. Былтыр мамыр айында Бұқар жырау ауданының Үміткер ауылында мал белгісіз аурудан қырылған еді.
Зертханалық тексеруден соң оның лимфангит, яғни африкалық сап деп аталатын кесел екені расталды. Денесін ірің жайлаған қылқұйрықтылар жүріп-тұрудан қалған, деп жазады qazaqstan.tv.
Кейін осы Үміткер ауылына қарасты Үлгі, Төрткөл бөлімшелерінде және Қарқаралы ауданына қарасты Ынталы ауылында жылқылар ауырған. Қазір барлық 4 елдімекенде карантиндік шаралар күшейтіліп, жылқының еті мен сүтін саудалауға, тұтынуға тыйым салынды.
Ауырған 180 бас малдың көзі жойылды. Тағы 10-нан астамы оқшауланған.
"Бұл ауруға тән Отар ғылыми-зерттеу институтының биологиялық проблемалар бойынша институтынан вакцина шығарылған. Ол зертханалық жай-күйде тексеріліп бүгінгі күнде дайын. Енді осы вакцинаны осы мынау практикалық түрде жаңағы карантин қойылған аумақтың сау малдарына егу жүргізуге дайынбыз." Ержан Бекетбаев, облыстық ветеринарлық бақылау инспекциясының басшысы