БЖЗҚ 2024 жылғы 21 ақпанда ресми мәлімдеме жариялады, онда олар қордың дерекқорынан қазақстандықтардың жеке деректерінің ағып кетуін жоққа шығарды.
"БЖЗҚ қауіпсіздік қызметі GitHub сайтында орналастырылған деректерге егжей-тегжейлі талдау жүргізді. Нәтижесінде, жарияланған каталогта enpf.kz сайтының сипаттамасы ғана көрсетілгені анықталды. Бұл сайт ашық ақпарат көзі болып табылады және онда салымшылар мен алушылардың дербес деректері жоқ." БЖЗҚ баспасөз қызметі
Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында БЖЗҚ киберқауіптерге қарсы тұру үшін заманауи жарақталған жүйені белсенді түрде қолданады. Бұл жүйе Қордың ақпараттық технологиялық (АТ) инфрақұрылымының сыртқы және ішкі периметрін аса белсенді қорғау әдістерін қамтиды.
БЖЗҚ осы саладағы үздік әлемдік тәжірибелерді қолдана отырып, түрлі жағдайларға, ақпараттық қауіпсіздік қатерлері мен тәуекелдеріне уақытылы жауап беріп, қажетті шараларды қолдана алады.
БЖЗҚ нәтижелердің объективтілігі мен сенімділігін қамтамасыз ететін, салымшыларға олардың құпия деректерін толық қорғауға кепілдік беретін және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы нормативтік талаптарды қатаң сақтайтын халықаралық стандарттар мен талаптарға сәйкес ақпараттық қауіпсіздікті басқару жүйелерінің халықаралық аудитінен үнемі өтіп тұрады.