Солтүстік Қазақстанда Наурыз мерекесіне орай республикалық айтыс өтті

17 наурыз күні Солтүстік Қазақстан облысында Наурыз мейрамына арналған республикалық ақындар айтысы өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген мықты айтыскерлердің додасын тамашалауға қалың қауым жиналды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Айтыстың ашылуында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов сөз сөйлеп, жиналған халықты ұлттық мерекемен құттықтады.

Өңір басшысы қазылар алқасын бастаған, айтыс өнерінің дамуына сүбелі үлесін қосқан Жүрсін Ерманға ризашылығын білдіріп, иығына шапан жапты. СҚО әкімі қазақтың төл өнерін жаңғыртып жүрген суырып салма айтыскер-ақындарға алғысын айтып, шабыт пен шығармашылық табыстар тіледі.

Сурет: СҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

"Айтысты солтүстіктің халқы ерекше құрметтейді. Бүгін де көп адам жиналды. Қызылжар өңірі - көптеген белгілі азаматтар дүниеге келген қасиетті мекен. Сіздерді Ғабит, Сәбит, Қожаберген, Мағжанның рухы әрқашан қолдап жүрсін", - деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Сурет: СҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Теріскейде өткен айтыс додасы 7 сағатқа созылды. Суырып салма ақындар әр түрлі қоғамдық тақырыптарды қозғап, келелі ой-пікірлер айтыс сүйер қауымның көңілінен шықты.

Сурет: СҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Дүбірлі жыр бәйгесінде әділ қазылардың шешімімен бас жүлдені Мейірбек Сұлтанхан өз қанжығасына байлады. Бірінші орынды Төлеген Жаманов жеңіп алса, екінші орынды Мақсат Аханов және Нұрбол Жауынбаев иеленді. Үшінші орынға Иран - Ғайып Күзембаев, Айым Асылбекқызы, Қазырет Бердіхан және өңір намысын қорғаған Жарқын Жұпархан лайықты деп танылды.

Сурет: СҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Жүлдегерлерге ақшалай сертификаттар мен дипломдар табыс етілді. Ынталандыру сыйлығы жеті ақынға берілді.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: