Белгілі болғандай, күдікті ер адам жәбірленушінің қорасына түнгі уақытта кіріп, жеті қой мен сегіз қозыны өзінің басқаруындағы автокөлікке салып алып кеткен.
Қолды қылған малды базарға апарып және көршісіне сатып жіберген. Ал ақшаны өз қажеттілігіне жаратқан. Тәртіп сақшылары күдіктінің бұдан басқа мал ұрлығының тағы бір жайтына қатысы бар екенін анықтады. Жәбірленушілерге 2 миллион теңге шығын келтірген.
Айғақты зат ретінде полиция қызметкерлері қолды қылған ұсақ малдың бір бөлігін тәркілеп алды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ полиция тұрғынның ірі қара малын ұрлап, сатып жіберген күдіктіні ұстады Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде мал ұрлығына қатысы бар бұрын сотты болған 45 жастағы жергілікті тұрғынды қолға түсірді.
Анықталғандай, күдікті ер адам тұрғынның үш сиырын жайылымнан ұрлап әкетіп, ағасының тұрғын үйінің ауласындағы қора-жайға қамап қойған. Содан соң өзінің автокөлігіне тиеп, ұрланған үш сиырды мал базарға сатып жіберген.
Жәбірленушіге 900 мың теңге шығын келтірген. Тәртіп сақшылары күдіктінің қолды қылған ірі үш қара малдың бір бөлігін тәркілеп, заңды иесіне қайтарып берді. Қазіргі таңда оған қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.