Судья Айжан Құлбаева ауыстыру себебін түсіндірді.
"Сот отырысы залына денсаулық жағдайы бойынша №2 алқаби келген жоқ. ҚІЖК-нің 645-бабына сәйкес, алқабилер мен қосалқы алқабилер істі сот талқылауы кезінде үнемі қатысуға тиіс. Егер сот талқылауы барысында, алқабилер мен судьялар үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне шығарылғанға дейін, отырысқа алқабилердің бірі қатыса алмайтыны анықталса, онда ол қосалқы алқабилердің билеттері жәшіктен шығарылған тәртіппен ауыстырылады. Осыған байланысты № 11 қосалқы алқабиден № 2 алқабидің орнына баруды сұраймын", - деп хабарлады ол.
2023 жылы 9 қарашада бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталды. Қайғылы оқиға елордадағы "Бау" мейрамханасында болды.
2024 жылдың 8 қаңтарында Бишімбаев ісі бойынша тергеу аяқталғаны хабарланды. Кейін Ішкі істер министрлігі әйелі Салтанат Нүкенованың өліміне күдікті Қуандық Бишімбаевқа "аса қатыгездікпен кісі өлтіру" бабымен қоса, "азаптау" бабы бойынша да айып тағылғанын хабарлады.
Істі алқабилер алқасы қарап жатыр:
- Басты сот 27 наурызда басталды.
- 29 наурызда Салтанат Нүкенованың інісі оның өлтірілгені туралы қалай және қашан білгендерін айтты.
- Сәуірдің 1-і күні Қуандық Бишімбаев куәгер болып, Салтанат Нүкенованың туыстарынан кешірім сұрап, "Алла Тағаланың алдында жауап беруге дайын" екенін мәлімдеді.
- 3 сәуірде экс-министр әйелі қайтыс болған күні не болғанын айтып берді.
- Сәуірдің 4-і күні зардап шеккен тараптың адвокаты Жанна Уразбахова Салтанат Нүкенованың өлімінің себебін айтты. Ол сот-медициналық сарапшыларының қандай қорытындыға келгенін мәлімдеді.
- 8 сәуірде сотта жедел жәрдем дәрігері мен полиция қызметкерінен жауап алынды.
- Сәуірдің 9-ы күні Салтанат Нүкенова өлтірілген түні мейрамханада болған куәгер сотта сөз сөйледі. Сонымен қатар, сот сарапшысы Тахир Халимназаров пен жәбірленушінің досы Аида Ахмедина да сот процессіне қатысты
- 11 сәуірде екінші сотталушы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенова қайтыс болған күнгі оқиғалар туралы өз нұсқасын айтып берді.