Оның айтуынша, қабылданып жатқан шаралар нәтижесінде су басу аймақтарынан қауіпсіз учаскелерге 112,5 мың бас ауыл шаруашылығы жануарлары эвакуацияланды. Ал өлген мал басы бойынша деректер үнемі жаңартылып отырады, бүгінгі таңда 7 035 өлген мал басы анықталды, олардың басым бөлігі - ұсақ мал.
"Су тасқынына қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық штабтың хаттамасымен өлген ауыл шаруашылығы жануарларының құнын өтеу алгоритмі бекітілді. Аталған алгоритмге сәйкес су тасқыны салдарынан өлген ауыл шаруашылығы жануарларының барлық иелері өтемақы алуға құқылы", - деді ол республикалық ақпараттық штабта өткен брифингі барысында.
Меншік иесін анықтау мынандай жолдармен жүзеге асырылады:
- жануардың бірдейлендіру номерін (бирка, таңба және т.б.) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорымен салыстыру жолымен;
- тіркелмеген жағдайда куәгерлерді тарта отырып, залалды өтеу жөніндегі комиссияның актісімен.
Ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне өтемақы төлеу бюджет қаражатынан да, бюджеттен тыс көздерден де жүргізілетін болады.
"Ол үшін өлген мал иелерi жергiлiктi жерлердегi залалды өтеу жөнiндегi комиссияға өтiнiш жасауы тиiс. Комиссия мүшелеріне өтемақы төлеу үшін қажетті құжаттар туралы нұсқау берілді. Барлық өтінімдерді жергілікті әкімдіктер құрған ресми комиссияларға ғана беру қажеттігіне назар аударғым келеді. Тек бұл жағдайда ғана өтемақы төленеді. Деректер жинаумен айналысатын әртүрлі штабтарға ұсынылған ақпарат төлемдер үшін негіз болып табылмайды". ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі Олжас Тілебалдин
Су тасқыны кезінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша қосымша сұрақтар туындаған жағдайда, ҚР АШМ жанындағы «жедел желі» жұмыс істейтінін еске сала кетелік. Жедел желі жұмысы 9.00-ден 18.30-ға дейін (7172)573358, 87470943381 нөмірлері бойынша істейді. Сонымен қатар, телеграмм-бот pavodki_kz_bot (тәулік бойы жұмыс істейді) іске қосылды.
Сондай-ақ су тасқыны бойынша жағдай тұрақталған өңірлерде өлген ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне келтірілген залалды өтеу басталғанын атап өтті.
"Атап айтқанда, Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы жануарлары бойынша залал толығымен өтелді. Қостанай облысында бұл жұмыс басталып, бүгінгі таңда 268 мал басы бойынша төлем жүргізілді, басқа өтінімдер бойынша жұмыс жалғасуда", - деді ол.