Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми мәлімдемесін Ақорда жариялады.
Су тасқынына қарсы іс-шараларға белсене атсалысқан ел азаматтарын марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қазақстанның заңдылықты нығайту бағытында қалыптасқанын атап өтті.
"Елімізде Заң үстемдігін нығайтып жатырмыз, яғни барлық салада, ең алдымен, Заң үстемдігін қамтамасыз ету – басты міндет. Бұл мәселе бойынша менің көзқарасым – айқын. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Қазақстанда Заң мен тәртіп бәрінен биік тұруға тиіс. Сондықтан қоғамдағы барлық қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктерді тек қана құқықтық тұрғыдан, яғни тиісті Заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешу қажет. Кеше Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа қатысты Киевте болған қылмысқа да дәл осы ұстаным тұрғысынан қараған жөн. Мен дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы осы оқыс оқиға бойынша Украина жаққа ресми сұратулар жіберу туралы нақты тапсырма бердім. Сондай-ақ қажет болған жағдайда Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін айтқым келеді", – деді Президент.
2024 жылдың 18 маусымында Киевте Қазақстанда іздеуде жүрген журналист Айдос Садықовты атып кетті.
Киев прокуратурасы қасақана кісі өлтіруге оқталу фактісі бойынша тергеуді бастады.
"Киевте белгісіз біреу Қазақстан азаматы мен оның әйелі отырған көлікке тапаншамен оқ атқан, кейін із-түзсіз жоғалып кеткен", - деп жазады украиндық басылымдар.
Қастандық Киевтегі Шевченко ауданында, ерлі-зайыптылар Наталья мен Айдос Садықовтар тұратын үйден алыс емес жерде болған. Қазіргі уақытта Садықов ауыр халде ауруханада жатыр. Полиция шабуыл жасаушының кім екенін анықтауда.
Өткен жылдың қазан айында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Наталья мен Айдос Садықовтарды іздеуге жариялаған. Ерлі-зайыптыларды іздестіру жұмыстарын Алматы облысы бойынша қалалық полиция департаменті жүргізіп жатыр. Бұл туралы ақпарат құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында берілген.
Жәбірленуші мен оның әйелі де журналист, 2014 жылдан бері Украинада тұрады және босқын мәртебесіне ие.